Үйінде өлік сақтаған мұғалімнен шошынған оқушылар мектепке барудан бас тартып отыр

0
541

Әйел адам алты ай бойы өлікпен тұрған.


Үйінде өлік сақтаған мұғалімнен шошынған оқушылар мектепке барудан бас тартып отыр
Туысының мүрдесін 6 ай бойы тығып ұстаған мұғалім келіншек сотта кінәсіз деп танылып, мектептегі жұмысына оралған, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Атырау облысының тұрғыны нағашысының мәйітін жарты жыл бойы жасырып келіпті. Ең сорақысы, сот бұл сұмдыққа барған азаматты кінәсіз деп танып, бостандыққа жіберген. Марқұммен ұзақ уақыт бірге өмір сүрген жаннан қорыққан ауылдастары оның сотталуын талап етуде.

Таңдай ауылындағы денені түршіктірер оқиға қаңтар айында болған. 82 жастағы жергілікті тұрғынның мәйіті сарайдан табылыпты. Онымен бірге тұрған жиені қарияның мүрдесін жұрттан тығып ұстауына мынадай себеп айтыпты.

"Туысымды қимадым деп айтады дейді. Туысымды қимадым деген сөз бар ма? Қимасаң неге ана денені шірітпей, дәрілеп неге ұстамайды?", - дейді ауыл тұрғыны Жеміс Мұхаметова.
Шым-шытырыққа толы жайт шағын ауылға тез тарапты. Денесін үрей билеген жұрт мәйітханаға айналған үйден бойын алыс ұстап, балаларын ол маңайға жолатпаған.
"Апай келгенде қорқамыз дейді. Қасымызға келсе былай ығысып отырамыз", - дейді ауыл тұрғыны Жеміс Мұхаметова.
Қорқыныш сейілді деп жүрген қараша сұмдықтың енді басталарын білмепті. Туысының мүрдесін тығып ұстаған мұғалім келіншек сотта кінәсіз деп танылып, мектептегі жұмысына оралған. Бұған елді мекендегілер елеңдеп отыр.
"Жұмыстан шығармау керек болса, методист қылып па, облоно ма, горона ма, бір жаққа алып кетіңіздерші өтініш. Балаларымыз тыныш өмір сүрсін. Ол тек балалар емес, үлкен кісілер қорқады керек болса", - дейді ауыл тұрғыны Жолдас Бейсекенұлы.
Мәртебесі биік мұғалім қызметіндегі азаматша туралы ауылда алып-қашпа әңгіме көп. Кейбір бейресми деректерде ол нағашысын әдейі өлтіріп, сарайға тығып қойды деген ақпарат та болды дейді мұндағылар.
"Июньде барған кезде ана үйде иіс деген ұрып тұр. Күйеуім айтты: "бұл нағашысын өлтіріп, ана комнатаға тығып қойды", деді. Точно сол келді. Біздерге өтірік айтуды көбейтті. Басында өтірік айтты ол. Анда апардым, Қызылордаға апардым, мында апардым. Біз барлық жаққа звондап, біліп алдық", - дейді ауыл тұрғыны Нұргүл Абдолова.
Мүрдеге жүргізілген сараптама қарияның өз ажалынан көз жұмғанын көрсетіпті. Қылмыстың жоқтығын дәлелдеген мамандар келіншекті сот залынан босатыпты. Ал әйел жұмыс істеген орта білім ордасының басшылығы Заң бойынша оны қайта жұмысқа алуына тура келген.

"Заңға сәйкес, тергеу ісі бойынша ақталып шықты. Ешқандай жазығы жоқ. Жұмыс істеуге құқығы бар деген тапсырмамен біз оны орналастырдық. Шеттетілген уақыттары бойынша еңбекақысын төлеп шықтық", - дейді Таңдай ауылы орта мектебінің директоры Серік Қойбақов.

Таңдайлықтар енді шағымын Білім министріне жолдамақ ниетте.