7 заң Конституцияға сәйкес келмейді деп танылды – Конституциялық сот

0
292

Жеті заңның және Жоғарғы соттың бір нормативтік қаулысының ережелері Конституцияға сәйкес келмейді деп танылды.


7 заң Конституцияға сәйкес келмейді деп танылды – Конституциялық сот

ERNUR.KZ. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова айтты, деп жазады inform.kz.

«Конституциялық нормалардың сақталмауына байланысты жеті заңның және Жоғарғы соттың бір нормативтік қаулысының ережелері Конституцияға сәйкес келмейді деп танылды», - деді Эльвира Әзімова.

Оның айтуынша, аталған құжаттар мыналар:

– Салық кодексінің 610-бабы 2-тармағы – талап қою арыздарын бергені үшін мемлекеттік баждың белгіленген мөлшері бөлігінде және әкімшілік талап қою кезінде сот арқылы қорғауына конституциялық құқыққа нұқсан келтіруге және шектеуге әкеп соғатын ереже (жойылды);

– Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16-бабы 3-тармағының 6) және 14-тармақшаларының, әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы Заңның 38-бабы 2-тармағының 11) тармақшасының, құқық қорғау қызметі туралы Заңның 6-бабы 2-тармағының 9) тармақшасының ережелері – мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы құқық бұзушылықтар үшін тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауаптылық шараларынан туындайтын құқықтық шектеулердің сәйкессіздігіне байланысты мемлекеттік қызметке кіруге мерзімсіз тыйым салуды белгілеу;

– сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңның 13-бабы – Конституцияда белгіленген мақсаттарға нақты айқындалған құқықтық байланыстың болмауынан кәсіпкерлік қызмет бостандығына конституциялық құқықты шектеуді белгілеу;

– Қылмыстық-атқару кодексінің 141-бабының үшінші, бесінші бөліктері және алтыншы бөлігінің 1) тармақшасы – күшіне енген сот үкімі негізінде бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан сотталғандардың туыстарымен қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді кездесулерінің әртүрлі санын белгілеу (жойылды);

– Жоғарғы Соттың №2 нормативтік қаулысының ережесі – сотқа бала асырап алу туралы арыз берген кезде сотқа жүгінуге конституциялық құқықты шектейтін және баланың мүдделерін барынша қамтамасыз ету мемлекетінің міндеттемесіне сәйкес келмейтін молекулярлық-генетикалық сараптаманың қорытындысын ұсыну туралы императивті талапты белгілеу (жойылды);

– Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 482-бабының бірінші бөлігі – қорғаушының кассациялық іс жүргізуде және үкімді орындау сатысында сотталғанның құқықтары мен мүдделерін білдіру өкілеттігін шектеу.

«Қазіргі уақытта анықталған құқықтық қайшылықтар екі заңда және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысында жойылды. Мемлекеттік қызметке және оның ерекше түрлеріне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, сондай-ақ қорғаушының кассациялық іс-жүргізудегі өкілеттігіне қатысты мәселелер бойынша тиісті заң жобалары Парламентте қаралуда», - деді Конституциялық сот төрағасы.