70 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты төлем алды

0
443

Төлем жоғалған кірістің 40%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.


70 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты төлем алды

ERNUR.KZ. 2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 70,3 мың адамды құрады. Бұл ретте биылғы жылы 47 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды, деп жазады zakon.kz.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 40%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:

- eGov.kz порталында авторизациялану;

- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;

- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;

- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығы (бұдан әрі – ХЖҚО) бос жұмыс орындарын ұсынады;

- егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге ХЖҚО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);

Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жұмыссыздарды тіркеу рәсімдерін жеңілдету және жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік қызметтер алуды жеңілдету үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Электрондық еңбек биржасы (бұдан әрі – ЭЕБ) арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қашықтықтан қызмет көрсету функционалын іске қосты.

Қазақстандықтар ЭЕБ-тегі «жеке кабинетінде» жұмыс іздеуші адам немесе жұмыссыз ретінде есепке тұра және тіркеудің барлық кезеңдерін қадағалай алады. Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін азаматтар (әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар) онлайн-режимде ЭЕБ-да жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемге өтінім жібере алады және мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарын – жастар практикасын, әлеуметтік жұмыс орындарын, қоғамдық жұмыстардағы бос жұмыс орындарын өз бетінше таңдай алады. Жоғарыда көрсетілген қызметтерді онлайн-режимде алу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, ЭЕБ-да тіркелу қажет.