Айтқыз апай – нағыз ЕҢБЕК АДАМЫ!

0
261

Қазір мұндай пошташылардың жұмысы көп болғанымен табысы төмен.


Айтқыз апай – нағыз ЕҢБЕК АДАМЫ!

Қазір бүкіл әлем ақпараттық технологияға байланды. Сәйкесінше, жас талапкерлер де заман талабына сай мамандықтарды игеруге тырысады. Бірақ, біз дәстүрлі мамандықтардың бар екенін де естен шығармауымыз қажет. Солардың бірі – газет-журналдарды иелеріне жеткізетін пошташы мамандығы. Ал біздің пошташы кейіпкеріміз – шымкенттік Айтқыз апай. Таң ата сала әрбір адамның басылымдарын жеке-жеке жеткізіп беріп, содан нәпақасын тауып жүрген бұл кісіні қалайша еңбек адамы демейсіз?


Айтқыз апай Шымкент қаласында орналасқан әкімшілік орталық пен өзге де мекемелердің қызметкерлергіне газет-журналдарын арнайы жеткізіп берумен айналысады. Тіпті, адамдардың қандай басылымға жазылғанын ғана емес, аты-жөндерін де жазай жаттап алатын қасиеті бар. Ал бұл пошташыға өте-мөте қажетті қабілет деп ойлаймыз. Ол кісінің жазылғаныңды алдыңа әкеліп, қолыңа ұстатқан әрекетін көргенде түрлі елді мекендердегі кейбір пошташылардың бір айлық газетіңді бір-ақ апарып беретіні еріксіз еске түседі. Солай болуы да «жазылмаған заңдылық» секілді. Себебі қазір мұндай пошташылардың жұмысы көп болғанымен табысы төмен. Ал, Айтқыз апайдың сөздерінен кейін пошташылардың табысыбіз ойлағаннан да аз екеніне көз жеткіздік. Атап айтқанда, Айтқыз апай межелі жерге жеткізген газетке он екі, ал хатқан сексен бес теңге алады екен. Газет алатын жерге барғанда және үйіне қайтар кезде ғана автобусқа мінбесе, басқа кезде қандай ауа райы болса да қаланы жаяу аралап, жұмысын істейді. Бір кездері таңнан кешке дейін ауыр дорба арқалап әрі нәр татпай жүріп, қатты сырқаттанып та қалған екен. Сондықтан қазір орайын тауып, көшеден жеңіл-желпі тағамдар алып жейді.


Есенбек есімді кісіден тараған Айтқыз апай 1973 жылы Төлеби өлкесінде дүниеге келген. Ата-анасы он ұл-қыз сүйсе, кейіпкеріміз солардың жетіншісі. Ауыл мектебін тәмамдаған соң, Шымкенттегі оқу орындарының бірінде тәтті нан өнімдерін пісіру мамандығын игерген. Бірақ, алғашқы еңбек жолын тігін цехынан бастаған. Себебі, Айтқыз апай жұмыс істеген кезең ел еркіндігін алғаннан кейінгі қиын-қыстау сәттермен тура келген. Ал, осыдан 10 жыл бұрын «Қазпочта» акционерлік қоғамына қарасты қалалық филиалмен келісімшартқа отырып, пошташы атанған. Айтқыз апай қазіргі жалақысы аз болса да, табысына береке тілейтінін айтады. Ең маңыздысы – осы жұмысы өзіне қатты ұнайды екен. Айтқыз апайдың бұл жұмысына деген сүйіспеншілігін қосымша төлемдердің қарастырылмағандығы да, денсаулығын түзеуге қаржы берілмейтіні де өшіре алмайтын көрінеді.


Бұл кісімен сөйлесіп, сырлас болсаңыз, «өмірде мұндай адамдар әлі бар екен ау» деп таңырқайтыныңыз анық. Мысалы, Айтқыз апай өз уақытынан бұрын, басылымды иесіне уақтылы апаруды ойлайды. Демалыс күндері де тер төгуден тайынбайды. Тіпті, хаттарды жәшікке салып кете салмай, тұрғындар үйінде бар кезде апаруға тырысады.


Біз сөйлескен Айтқыз апайды бүгінде Шымкенттегі біршама азамат таниды екен. Көре қалса сәлемдесіп, ізгі ілтипат көрсетіп жатады. Міне, нағыз еңбек адамы, міне нағыз еңбек адамына деген құрмет! Енді осындай кісілердің еңбегін елеп, табысын арттырса, нұр үстіне нұр болар еді.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ