Ақтөбеде 50 жас маман баспаналы болды

0
1 522

Жастар жылы 150 ақтөбелік жас баспаналы болады деген жоспар бар. Алғашқы 50 маманға пәтер кілті табыс етілді.


Ақтөбеде 50 жас маман баспаналы болды

ERNUR.KZ. Ақтөбеде жастарды тұрғын үймен қамтудың бөлек бағдарламасы бар, деп жазады 24.kz.

Әзірге елімізде баламасы жоқ. Анығырақ айтсақ, бағдарламаға бюджеттен жалақы алатын 29 жасқа дейінгі мамандар қатысады. Жастар жылы 150 ақтөбелік жас баспаналы болады деген жоспар бар. Алғашқы 50 маманға пәтер кілті табыс етілді.

Көршілері Абзалдың үйіне «Құтты болсын» айтып келіп жатыр. Ол алғашқылардың бірі болып пәтер алды. 23 жастағы жігіт енді отбасын құруды ойлап жүр. Тұрақты жұмысы да бар. Дефектолог маман ерекше балаларды оқытатын орталықта еңбек етеді. Жастарды тұрғын үймен қамту бағдарламасы туралы естіген бойда құжат тапсырған.

Абзал Жәкен, дефектолог маман:

- Бас-аяғы 10 күн ішінде жаңа пәтерге көшіп жатырмыз. Жастар жылында Ақтөбе облысында жастарға пәтер беру, «Жастар-проект» бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Осы бағдарламаға біз де іліккенімізге өте қуаныштымыз. Пәтер жастарға ары қарай жұмыс істеуге үлкен стимул болады деген үміттемін.

Бағдарламаның тиімділігі сол – алғашқы жарна небәрі 350 мың теңге. Пәтер иесі 6 жыл бойы 40 мың теңгені тұрғын үй жинақ жүйесіндегі шотына салып отырады. Яғни осы уақыт ішінде баспана құнының жартысын жинайды. Қалған бөлігін несие ретінде рәсімдеуге болады немесе бірден сатып алуға болады. Ең бастысы, жастар өзгенің пәтерін жалдамайды, өз баспанасы үшін төлеп отырады.

Тарғын Жақыпов, облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы:

- Бұл бағдарламаға бюджеттік және мемлекеттік қызмет саласындағы 29 жасқа жетпеген жас қатыса алады. Бұл ең басты шарт болды. Баспаналы болу жастар арасында өте үлкен сұранысқа ие. Соған байланысты қазіргі кезде облысымызда 2 мыңнан астам ұсыныс білдірген жас бар. Қазіргі кезде алғашқы елу жас баспаналы болды.

Өңірде Жастар жылы біраз жұмыс жасалады. 22 мың жасты жұмысқа орналастырып, 6 мың студентті «Жасыл ел» бағдарламасына қатыстыру жоспарда. 500 жас өз кәсібін ашу үшін жеңілдетілген несие алады. Ең бастысы, 150 жас баспаналы болады.