Алдағы 5 жылда елордамыз жасыл шаһарға айналуы керек- Тоқаев

0
470

Ол «Астана-көгалдандыру құрылысына» қарасты тәлімбақтың мүмкіндігі толық қолданылмай отырғанын айтты.


Алдағы 5 жылда елордамыз жасыл шаһарға айналуы керек- Тоқаев

ERNUR.KZ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында айтты, деп жазады baq.kz.

Тағы бір маңызды мәселе. Қала тұрғындарының тұрмыстық мәдениеті. Астананың тазалығы, ең алдымен, оның тұрғындарына байланысты. Зәулім үйлердің ішіндегі және сыртындағы жағдай мәз емес. Шындығын айтсақ, тұрғындар тұрмыстық тәртіпті жиі бұзады, қоқысты қалай болса солай лақтыра береді. Жастар көшеде жүргенде мәдениетсіз қылықтарға жол береді. Сондықтан, мен мына мәселеге арнайы назар аударғым келеді.Елордамызды және басқа негізгі қалаларымызды дұрыс қалпында сақтау бұл – ұлттық намысымызға қатысты аса маңызды мәселе ,- деді Мемлекет басшысы.

Көшпенділердің ұрпақтары өз қалаларын жөнді сақтай алмайды деген жағымсыз пікірді мүлдем жоққа шығаруымыз керек деді.

Келесі мәселе. Көгалдандыру жұмысы. Қазір Астананы жасыл қала деп айта алмаймыз. Бізде қаланы көгалдандыру ісінің біртұтас тұжырымдамасы да жоқ. Әр әкімдік өз білгенімен әрекет жасайды. Шаһардағы жасыл-желектің саны мен сапасы туралы нақты мәлімет жоқ. Яғни, жүйелі жұмыс жүргізілмейді, - деді Мемлекет басшысы.

Ол «Астана-көгалдандыру құрылысына» қарасты тәлімбақтың мүмкіндігі толық қолданылмай отырғанын айтты.

Дұрыс күтім болмаған соң, қала аумағындағы көшеттер қурап жатыр. Көгалдандыру кезінде отырғызылатын жасыл-желектің 10 пайызы ғана – көпжылдық өсімдіктер. Бір маусымдық гүлдерге жыл сайын шығындану – қаржыны желге шашу деген сөз. Әкімдікке 3 жылдың ішінде көпжылдық өсімдіктердің үлесін кемінде 50 пайызға жеткізуді тапсырамын. Сіздерге нақты міндет қоямын: алдағы 5 жылда елордамыз жасыл шаһарға айналуы керек. Қала аумағында және оның маңайында 50 жерге заңсыз қоқыс төгілген. Бұл жерлер әлі күнге дейін тазаланбай жатыр. Астана қаласының және Ақмола облысының әкімдігіне Экология министрлігімен бірлесіп, бұл мәселені дереу шешуді тапсырамын, - деді Мемлекет басшысы.