Алматы облысындағы үйінен қашып кеткен жасөспірім Қызылордадан табылды

0
518

Ол ажырасып, басқа қалада тұратын әкесін іздеп бара жатыпты.


Алматы облысындағы үйінен қашып кеткен жасөспірім Қызылордадан табылды

Үйінен қашып кеткен 14 жастағы алматылық жасөспірім бір тәулік ішінде Қызылорда қаласынан табылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Polisia.kz сайтынына сілтеме жасап.

14 қарашада Алматы облысы, Панфилов аудандық полиция бөліміне 14 қараша күні кешкі сағат 18:00-де кәмелетке толмаған баласының үйінен белгісіз бағытта шығып кетіп, қайтып оралмағаны туралы 36 жастағы әйел адам хабарласып, оны іздеуге көмектесуді сұраған.

Полиция қызметкерлері дереу іздестіру жұмыстарына кіріскен, Қазақстанның барлық қалаларына жасөспірімнің суреттері бар бағдар жіберілген.

Жоғалған жасөспірімге қатысты бағдар алған Қызылорда қалалық ПД қызметкерлері еріктілермен бірге кәмелетке толмаған баланы іздестіруге белсене қатысып, қарқынды жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген. Нәтижесінде 15 қараша күні сағат 16:00 шамасында жасөспірім Қызылорда қаласының автовокзалынан табылып, әкесіне аман-есен тапсырылған.

Мән-жайды анықтау барысында баланың үйінен кетіп, Шымкент қаласына дейін жетіп, таксимен Ақтөбе қаласында тұратын әкесіне бармақ болғаны анықталды.

Баланың әкесі қызылордалық полицейлерге кәсіби шеберлігі үшін алғысын білдіріп, қызметтеріне табыс тіледі.