2020 жылға қарай елімізде 600 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілмек.
ERNUR.KZ. 2020 жылға қарай елімізде 600 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілмек. Оның жартысына Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары ие болады, деп жазады 24.kz.
Соңғы уақытта баспана құрылысы үшін бағытталатын инвестицияның көлемі артқан. Жеке компаниялар да үй салуға құлшынып отыр. Оларға мемлекет тарапынан қандай қолдау жасалады? Күз басталғалы жеке құрылыс компанияларынан жалпы құны 70 миллиард теңгеден асатын қаржыға 72 жоба ұсынылған. Мемлекет оның 45-ін субсидиялауға дайын.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
- Құрылысшыларға субсидияны 7%-бен беру арқылы шығындары қайтарылады. Бұл жерде үй саламын деген компания ең бастысы банктен рұқсат алса болғаны. Одан кейін әкімдіктер субсидиямен көмектеседі. Жаңадан бой көтерген үйлердің 50%-ы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына беріледі.
Осылайша, жеке компаниялар тұрғын үй салуға бел шеше кіріспек. Мемлекеттен қолдау болғанда қарап қала ма?! Жеңілдікпен несие алып, жаппай үй салуға кіріседі. Бірақ бұл жерде алаңдайтын бір негіз бар.
Сергей Домнин, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы:
- Ең алдымен құрылысты жүргізетін компания үшін қауіп бар. Егер мемлекеттік бағдарлама жүйелі жүзеге аспаса, жұмыстары тоқтайды. Сосын үйлері өте қойса жақсы. Ол да қауіпті. Шығындар ақталмауы мүмкін. Бірақ бұл болжам ғана. 2030 жылға қарай әрбір қазақстандық 30 шаршы метрлік тұрғын үймен қамтамасыз етілмек. Мұны Елбасы Жолдауында айтқан еді. Ал, мұның бәрі «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы жүзеге аспақ.