Мамандардың айтуынша, күзгі әскерге шақыру науқаны кезінде сарбаздар коронавирусқа қарсы ПТР тесті екі рет тапсырады.
ERNUR.KZ. Қазақстанда әскери борышты өтеу мерзімін ұзарту мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Бұл туралы Қарулы күштер Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы, полковник Сәкен Жүсіпов мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Күзгі әскерге шақыру науқаны туралы онлайн баспасөз мәслихатында журналистер Жүсіповтен мерзімді әскери қызмет өткеру мерзімі ұзартылды деген рас па деп сұрады.
"Мерзімді әскери қызмет өткеру мерзімі "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртбесі" туралы заңда белгіленген. Ол 12 айды құрайды. Қазіргі уақытта көрсетілген нормаға өзгеріс енгізу қарастырылып жатқан жоқ", – деп жауап берді департамент басшысы.
Айта кетсек, күзгі науқан аясында 17 мыңнан аса адамды әскерге шақыру жоспарлануда. Әскерге 18 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтар шақырылады.
Күзгі әскерге шақыру науқаны кезінде сарбаздар коронавирусқа қарсы ПТР тесті екі рет тапсырады.
Әскерге шақырылғандар мен медициналық комиссия мүшелері маска және қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіледі. Қызметтік және қосалқы үй-жайларда күн сайын кемінде екі рет дезинфекция жүргізіледі.