2006 жылғы баланың жағдайы орташа ауыр, ол дереу хирургия бөліміне жеткізілді. Ал екінші бала травматология бөліміне жатқызылды.
ERNUR.KZ. Павлодар қаласында екі бала әткеншекпен бірге құлап кетті. Оқиға ауладағы бейнебақылау камерасына жазылып қалды, деп жазады sputniknews.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, 2006 жылғы баланың жағдайы орташа ауыр, оны дереу хирургия бөліміне жеткізген. Ал 2007 жылы туған екінші баланы травматология бөліміне жатқызды.
"Екеуі де ем-домды толық алып жатыр", - дейді облыстық балалар ауруханасының баспасөз хатшысы Кәмшат Күнпейісова.
Видеодан екі баланың әткеншек теуіп жатқанын көруге болады. Бір кезде темір конструкция түбірімен бірге жұлынып кетеді. Бір бала тосқауылдың арғы жағына ұшып түссе, екіншісі бергі жағына құлайды.
Ролик әлеуметтік желілер арқылы тарап кеткен. Желі қолданушыларының бірі оқиғаның Целинная көшесіндегі үйдің ауласында болғанын жазған. Ол жерде балалар алаңы көптен бері жаңартылмаған. Әткеншектер де ескі. Соған қарамастан, көрші үйлердің балалары да келіп ойнайды.