Атом станциясының құрылысына қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек - Тоқаев

0
704

Мемлекет басшысы атом энергетикасын дамытудың өзектілігіне, соның ішінде Атом электр станциясын салу мәселесіне де тоқталды.


Атом станциясының құрылысына қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек - Тоқаев

ERNUR.KZ. Атом электр станциясын салу мәселесінде нақты шешімге келеміз деп ойлаймын. Бұл туралы бүгін Алматыда қаржы секторының өкілдерімен кездескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы атом энергетикасын дамытудың өзектілігіне, соның ішінде Атом электр станциясын салу мәселесіне де тоқталды.

«Түптеп келгенде, біз бұл мәселеге қатысты нақты шешімге келеміз деп ойлаймын. Қазақстанда электр энергиясының тапшылығының алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалады. Әрине, электр қуатының жаппай жетіспеушілігі туындаған жоқ. Әзірге тепе-теңдік бар. Алайда алғашқы белгілері білінуде. Сондықтан болашақты ойласақ, біз атом станциясының құрылысына қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек. Басшының міндеті де тиімді шешім қабылдау», – деді Президент.

Сондай-ақ Қ.Тоқаев қаржы секторын климат жөніндегі күн тәртібінің талаптарына бейімдеуге қатысты мәселеге арнайы тоқталды.

«Экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқарудың тұрақты даму қағидаттарының әсер етуіне байланысты қаржы секторындағы трансформацияның қарқыны артқанын бәріміз көріп отырмыз. Бұл біздің елімізге де тікелей қатысты. Қарқынды даму ұлттық экономикамызға салмақ салғанымен, екінші жағынан оны тұрақты дамытуға және әртараптандыруға көшіру үшін қосымша мүмкіндіктер де беріп отыр. Осыны ескере отырып, отандық қаржы секторы Қазақстанның «жасыл экономикаға» өту жүйесіндегі маңызды бағытына айналуы керек», – деді Мемлекет басшысы.