Жақындарының айтуынша, Меруерт Ауылбаева соқыр ішекпен барса да, дәрігерлер оны бірнеше мәрте қабылдамай, отаны тым кеш жасаған.
ERNUR.KZ. Қарағанды облысы Балқаш қаласының ауруханасында көз жұмған 47 жастағы әйелдің туыстары кінәлілерді жауапқа тартуды сұрайды, деп жазады Stan.kz
Жақындарының айтуынша, Меруерт Ауылбаева соқыр ішекпен барса да, дәрігерлер оны бірнеше мәрте қабылдамай, отаны тым кеш жасаған. Соның кесірінен науқастың жағдайы ушығып, емдеу мекемесінде көз жұмды дейді. Қазіргі таңда медициналық мекемеде тексеріс жүргізіліп жатыр.
47 жастағы Меруерт Ауылбаева 27 шілдеде ауруханаға үшінші рет барғанда, соқыр ішекпен жатқызылды. Алайда дәрігерлер отаны бір апта өткеннен кейін жасапты. Қызуы көтеріліп тұрғанына қарамай, оны шығарып жібергенін айтады. Соның салдарынан әйелдің жағдайы ушығып, ота жасалған жері іріңдеп кеткен. Осыдан кейін оған тағы ота жасалып, ақырында жансақтау бөліміне түсіп, көз жұмған.
“24 және 27 шілде күні әпкем Балқаш қаласының ауруханасына екі рет жүгінген, бірақ оны қабылдамай қайтарып жіберді. Тек үшінші рет барғанда, шілденің 27-сі қабылдаған. Неге оны екі рет қабылдамай қуып жіберген?! Бас дәрігермен хабарласқанда, “бәрі жақсы болады, уайымдамаңыз, реабилитацияға дайындай беріңіз” деді, біз алаңсыз дайындалып жүрдік. Бес күннен кейін ол жан тапсырды. Жауапты адам болса тиісті жазаға тартылсын деп сұраймыз”, – деді марқұмның ағасы Айтбек Ауылбаев.
Қазір облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің мамандары емдеу мекемесінде тексеріс жүргізіп жатыр. Оған тәуелсіз сарапшылар тартылған. Сот-медициналық сараптама да тағайындалған
“Балқаш қаласының емханасы мен ауруханасына тексеріс жүргіземіз. Тексеріс аяқталған соң нәтижесін тергеу органдарына процессуалды шешім шығару үшін жібереміз. Сондай-ақ, сапалы қызмет атқармаған жергілікті дәрігерлерге шара қолдану үшін де денсаулық сақтау басқармасына барлық құжаттар жіберіледі”, – деп мәлімдеді Қарағанды облысы медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Ольга Смирнова.
Полиция істі тіркеп, оқиғаның мән-жайын анықтап жатқандарын жеткізді. Меруерт Ауылбаеваның туыстары тексеріс жан-жақты жүргізіліп, кінәлілер жауапқа тартылсын деген талап қойды.