Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары тікелей тұңғыш президенттің кеңсесімен және Ресей президенті әкімшілігімен келісіледі, деп түсіндірді министр.
ERNUR.KZ. Қазақстанның вице-премьері, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейге сапарына қатысты түсініктеме берді, деп жазады sputnik.kz.
Тілеуберді сыртқы істер министрлігі бұл сапарға дайындық жасамағанын атап өтті.
"Алдағы сапар жайлы сыртқы істер министрлігіне ескертудің қажеті жоқ. Бұл тікелей тұңғыш президенттің кеңсесі мен Ресей президенті әкімшілігімен келісіледі", - деді министр үкімет кулуарында.
Оның айтуынша, министрлік кездесуде қандай мәселелер талқыланғанынан бейхабар.
"Ресей президентімен кездесуге тыйым салынған жоқ қой. Оның үстіне, екеуі бұрыннан келе жатқан достар", - деді Тілеуберді.
13 маусымда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Назарбаев Путинді Ресей күнімен құттықтады.
Сондай-ақ олар екі ел арасында қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толуына орай бір-біріне жылы лебіздерін жеткізді.