5 мамырда 18 оқушы Астанадан Бурабайға экскурсияға келген.
ERNUR.KZ. Астанадан Бурабайға барған мектеп оқушысы экскурсия кезінде қайтыс болды, деп жазады sputnik.kz.
Мәліметке сәйкес, 5 мамырда 18 оқушы Астанадан Бурабайға экскурсияға келген. Жанындағы досымен жалдамалы велосипед алып, серуенге шыққан. "Ракушка" деген тастың жанында жасөспірімдердің біреуі рөлге ие бола алмай, қатты жылдамдықпен ағашқа соғылады. 16 жастағы бала оқиға орнында қайтыс болды.
Ақмола облыстық полиция департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, қазіргі кезде қауіпсіздік талаптарына жауап бермейтін қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Алдын ала ақпаратқа сәйкес, кәмелет жасқа толмаған бала велосипедті жалға алып, ағашқа соғылған. Ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі кезде қажетті сараптамалар тағайындалды, тергеу шаралары жүріп жатыр", - дейді полицейлер.
Қайтыс болған бала Астанадағы BINOM мектебінде 10-шы сыныпта оқыған. Бурабайға оқушылармен бірге сынып жетекшісі де барған. Педагог жедел жәрдем мен полицияны да шақырды. Бірақ мектеп оқушысы қайтыс болды. Бурабайдағы экскурсияны ата-аналар комитеті ұйымдастырған.