Алдағы бірнеше жылда еліміздегі жолдардың басым бөлігін қанағаттанарлық деңгейге дейін көтеруіміз керек. Осындайда мақсат болады екен. Бұл елдегі жол сапасының әлі қанағаттанарлықсыз деңгейде екенінен хабар беріп тұрған ащы шындық.
Соңғы жылдары бірнеше халықаралық және республикалық маңызы бар магистральдар күрделі жөндеуден өтіп, жаңа автобандар салынып жатыр. Бірақ облыстық, аудандық дәрежедегі жолдардың сапасы сын көтермейді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Проблеманың төркіні қайдан? Әдетте бірнеше объективті себептерді айтамыз. Дегенмен ең басты проблема жемқорлық пен бюрократия. Әйтпесе жол салушылар қыста асфальт құюға болмайтынын білмейтін бе еді? Әрине біледі. Бірақ тендердің тентек талаптарына көнеді де. Жүйелі проблема. Жүйелі шешім керек.
«Тротуардың салынғаны кеше, адам естері дұрыс болмаса алдымен асфальт салмай ма, Үкімет бәрін қарастыру керек. Жүріп өтетін жолды айналып өтіп жүрміз.
«Баласы несі, біз өзіміз қашамыз машинадан. Ол шұңқырдан қашады мен машинадан қашамын, көріп тұрсың міне өте алмай тұрмын ғой», - дейді Қызылорда қаласының тұрғыны.
Қызылорда қаласындағы орталық көшелердің бірінде асфальт екі жыл бұрын салынған. Былтырға аздап шыдас бергенімен, биылғы қармен қосып еріп кетті- деп налиды жұрт.
«Мердігер қыстың күні де жол салып жатады. Техникалық талаптарға сай олай болмайды. Көктемде +5 градустан төмен жол салуға болады. Қазіргі кезде тендер кеш өтеді. Соны ақшаны игеру үшін жолды кеш салып жатады. Салдарынан жолда ақаулар табылып жатады», - дейді «Ұлттық жол активтері сапа орталығы» РМК зертхана меңгерушісі Ержан Установ
Тендердің кесірі - дейді жол маманы. Әдетте нарыққа бірінші рет келген мердігер ұтып алып жатады. Тәжірбиесі де, білікті маманы да жоқ. Қолынан іс келгені үшін емес, бағаны аз ұсынғаны үшін. Жұмысты қабылдап алатын бақылаушылар да бармақ басып, көз қысатын жағдайлар азаймай тұр. Бұл еліміздің оңтүстігіндегі көрініс. Ал теріскейдегі ауыл, ауданаралық жолдар әзірге жүргізушілердің өзі қысқы асфальт деп атап кеткен қардың астында жатыр. Олар туралы сөз қозғау әлі ерте.
Қазір елімізде 4 ақылы жол бар. Олар Нұр-Сұлтан- Шучинск, Нұр-Сұлтан-Теміртау, Алматы-Қорғас және Алматы -Қапшағай. Алдағы жылдары ақылы жолдардың саны 32 жетіп, жалпы ұзындығы 11 мың шақырымды құрамақшы. 2021 жылы олардан түсетін пайда шамамен 5,7 миллиард теңге.
Еліміз жол сапасы бойынша 114 елдің ішінде 95 орында тұр. Ең жақсы жолдар Сингапур, Нидерланды мен Швейцарияда екен. Жыл сайын елімізде бұл салаға 1 триллион теңгеге жуық инвестиция құйылады. Салынып жатқан ақылы жолдардың құнын жергілікті билік белгілейді.Қаржының басым бөлігі осы жолдарды қалыпты деңгейде ұстап тұруға жұмсалады.
«2019-2020 жылдары мемлекеттік тапсырма бойынша 2185 км республикалық маңызы бар автожолдарда күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар екі өткізу пункті 5 автожол көпірі, үш жер үсті жаяу жүргіншілер көпірі пайданануға берілді. 2021 жылдың жоспары бойынша 62 шақырым күрделі жөндеу, орташа жөндеу 222 км пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр», - дейді «QAZAVTOJOL» ҰК АҚ менеджері Жасұлан Қалтаев.
Хош, республикалық магистральдардың жағдайы жақсы, ал ауыл-аймақтағы жолдар ше? Үкімет 2025 жылы ел жолдарның 95 пайызын жақсы және қанағаттарандырқ деген жағдайға жеткізуді көздеп отыр. Ол үшін облыстық бюджеттермен елу де елу тәртібінде жұмыс істемек. Жол салу шығынының жартысы Республикалық, қалғаны жергілікті бюджеттен бөлінеді. Бас аяғы алдағы 4 жылда шамамен 27 мың шақырым жол жөнделмекші.
«Бірінші кезекте батыстағы Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының жолдары жөнделеді. Ол үшін республикалық бюджеттен 25 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл өзге аймақтар ақшасыз қалады деген сөз емсе. Біз қазірдің өзінде барлық өңірлерге шамамен 2-3 миллиард теңгеден жол жөндеуге деп аударып қойдық. Жалпы бұл шараға ел қазынасынан 76,8 миллирад теңге қарастырылды. Дәл осындай соманы аймақтар өз бюджетінен шығаруы тиіс», - дейді ндустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.
Аңдағанымыздай, бұл жоспарлар жолды жақсы және қанағаттандырарлыққа жеткізу. Осыдан-ақ елдегі жолдардың сапасын бағамдау қиын емес. Бір қуантатындығы біртіндеп жақсы жолдарға да қол жетеді. Ол үшін таусылмайтын ақша мен шыдам керек.