Сенат депутатының пікірінше, халықаралық деңгейде балаларды қорғайтын екі маңызды құжатқа Қазақстан әлі де қол қоймаған.
ERNUR.KZ. Парламент сенатының депутаты Дана Нұржігіт кәмелет жасқа толмаған балаларды сексуалды сипаттағы қылмыстардан қорғау мәселесін көтерді. Бүгін сенатор депутаттық сауалды бас прокурордың атына жолдады, деп жазады sputniknews.kz.
"Біз кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттері үшін қылмыстық жазаны едәуір қатаңдаттық. Алайда, қылмыстың бұл түрі азаяр емес. Бейкүнә балаға осыншама зорлық қылған қылмыскерлерді рақымшылық алудан да дәмеленбейтіндей, мерзімінен ерте босап шығатындай құқығынан айырып, тәртібі барынша қатаң түзеу мекемелеріне оқшаулаған жөн", – дейді Нұржігіт.
Осы орайда сентор балаларға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстардың статистикасын жариялады. Оған сәйкес, соңғы 4 жылда ондай қылмыстар үшін 1 868 адам кінәлі деп танылған. Олардың 539-ы ғана 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
"Тағы да статистикаға сүйенсек, педофилдердің көбі бостандыққа шыға сала бір жылдың ішінде сол қылмысты қайта жасайды екен. Яғни, келесі жолы дәл сондай қылмысқа баруға түрмедегі өмірі сабақ болмаған. Осы жылдың өзінде ғана кәмелетке толмаған балаларға қарсы жасалған қылмыс 8 пайызға өскен. Мұны тоқтату үшін қатаң жаза қылмысты жасаған адамға ғана емес, сол қылмысқа жол берген, фактілерді жасырған, қылмыскердің жалтаруына мүмкіндік берген азаматтарға да қолданылуы керек деп ойлаймыз", – деді Нұржігіт.
Қазақстан қандай халықаралық құжатқа қосылмаған
Сенат депутаты Орал қаласында болған оқиғаны да еске алды. Ол жерде 12 жастағы қызға қатысты сексуалды сипаттағы қылмыс қаралған болатын. Жауапқа тартылған 21 жастағы сотталушыға қатысты қылмыстық іс зорлау үшін қозғалса да, артынан 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас жасағаны үшін айып тағылды. Осылайша, алқалық сот 2,5 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарған болатын. Халық ондай шешімге наразылық білдірген.
"Елімізде кәмелетке толмаған балаларға қарсы жасалатын қылмыспен күрес ұлттық заңнама арқылы ғана емес, халықаралық деңгейде қабылданған нормаларды қолдану арқылы да жүргізіледі. Алайда, халықаралық деңгейде балаларды қорғайтын екі маңызды құжатқа Қазақстан әлі де қол қоймаған", – деп атап көрсетті Нұржігіт.
Оның айтуынша, балаларды қорғауға арналған екі маңызды халықаралық құжатқа қосылу қажет. Олар:
- Балалар құқықтары туралы конвенцияның үшінші факультативтік хаттамасы;
- Еуропа Одағының балаларды сексуалды эксплуатациядан және сексуалды зорлық зомбылықтан қорғау конвенциясы.
"Бұл конвенцияға қосылған мемлекеттер баланы жезөкшелікке тарту, мәжбүрлеу немесе секс-тауар ретінде көріп пайдалану, балалар порнографиясын өндіру, ұсыну, тарату, сатып алу, сақтау үшін қылмыстық жаза қарастыруға міндетті", – дейді Нұржігіт.