Қазір әйелдің жағдайы ауыр.
ERNUR.KZ. Бірнеше күннен бері желі белсенділері Қызылордадағы келіншектің денсаулығына алаңдап дабыл қағуда. Желідегі тараған Тасанова Үміт Тұрдәліқызының хатына сүйенсек, оны туған апасы Нұрғалиева Күләйша 3 желтоқсан күні кесір тілігімен ауыр халде ұлын босанған. Дәрігерлер ешкімге ескертпестен оның жатырын алып тастаған көрінеді, деп жазады Skifnews.kz.
Ауыр жағдайда қалып, елден бауыры үшін көмек сұраған хат иесіне желі белсенділері мен блогерлер, журналистер немқұрайлы қарамай, дабыл қақты. Мәселен, белгілі журналист Нәзия Жоямергенқызы бұл туралы facebook парақшасында жазба қалдырды.
Журналист халі мүшкіл келіншекке атқамінерлердің көмектесуін өтіну арқылы, елдегі медицина саласындағы олқылықтарды сыбап өтіпті.
"ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабары бар ма??? 3 желтоқсанда операциямен босанған келіншектің жағдайы өте ауыр. Екінші рет операция жасағанда ешкімге ескертпестен, жап-жас келіншектің жатырын алып тастаған. Енді үшінші рет операция жасаймыз депті дәрігерлер. Ал жас босанған Күлайшаның денсаулығы көтере ме? Қолымызда туғандарына жазған аудиосы бар. Келіншектің сөйлеуге әлі жоқ. Егер Қызылордадағы дәрігерлердің шамасы жетпесе, неге республикалық орталықтардан, мықты мамандардан көмек сұрамайды? Көз алдымызда семіп бара жатыр дейді. Адамның өмірі ойыншық емес, тезірек қимылдау керек қой! Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар Фейсбукке ештеңе жазбаңдар депті туғандарына. Үш аптадан бері ауыр халде жатқанына алаңдаған туғандары кімнен көмек күтерін білмей, шырылдап жүр.
Біздің медицина неге сонша әлсіз??? Дәрігерлерде неге жанашырлық пен жауапкершілік жоқ??? Жап-жас әйелдің тағдыры не болады? Балаларына да, өзіне де обал ғой?!! Тәуелсіздік алған 30 жылда медицинаны дамытуға уақыт та, қаржы да жетер еді. Бұл келіншекке де Президент Тоқаев араша түсуі керек пе??? Берік Уәли Karin Erlan Талгат Маханов Қызылордадан сайланған мәжілісмендерді тегтеңіздерші. Қолынан келсе, ықпал етсін!", - деп лауазымды кісілердің құлағына жазбасы арқылы "алтын сырға" тақты.
Айтпақшы, журналистің жазбасына Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов: "Сәлеметсіз бе, Нәзия! Бұл жағдай назарымызда. Республикалық орталықтың білікті мамандарымен кеңесіп, емдік шаралар жүргізіліп жатыр. Науқастың жағдайы тұрақты", - деп желіде үн қатты.