Депутаттар құс тұмауының салдарына алаңдаушылық білдірді

0
580

​Ауыл шаруашылығы министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, Қазақстанның бірнеше өңірінің 117 елді мекенінде індеттен 576 мың бас құс қырылған.


Депутаттар құс тұмауының салдарына алаңдаушылық білдірді

ERNUR.KZ. Құс тұмауының салдарынан құс етінің импорты өсім, отандық өнімдер қымбаттауы мүмкін. Сенаторлар премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында осындай алаңдаушылық білдіріп, тиісті шараларды қолға алуды сұрады, деп жазады sputniknews.kz.

"Бүгінгі күні Қазақстанда белең алып отырған құс тұмауының таралуы үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Оның салдары тек үй құстарының иелеріне ғана емес, мемлекет тарапынан қатаң карантиндік және ветеринарлық-санитарлық шараларды енгізу, соның ішінде ауру құстарды жою және оларды жаппай вакцинациялау, құс иелеріне өтемақы беру мәселелері мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ түсіретіні анық", - деді депутат Дүйсенғазы Мусин.

Айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, Қазақстанның бірнеше өңірінде 117 елді мекенінде індеттен 576 мың бас әртүрлі құс қырылған.

Ал Қазақстан құс өсірушілері одағының дерегінше, Солтүстік Қазақстан облысында екі құс фабрикасында 768 мың бас, Қостанай облысында бір құс фабрикасында 360 мың бас құс өлген. Яғни, тек үш құс фабрикасында қырылған құстың саны 1 миллион 128 мыңнан асып отыр.

"Статистикалық деректердің жүйесіздігі, кей құс өсірушілердің жауапсыздығы, жауапты мемлекеттік органдардың қамсыз болуы, яғни дер кезінде індеттің алдын алу шараларын жүзеге асырмауы біршама сұрақ тудырады. Елімізде құс етінің 45%-і импортталатынын ескерсек, ендігі кезекте, құс тұмауы салдарынан бұл көрсеткіштің өсуі және отандық өнімдер бағасының қымбаттауы да әбден мүмкін", - деп алаңдады сенатор.

Ол құс шаруашылығы саласындағы селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстардың төмен деңгейі салдарынан инкубациялық жұмыртқа, тәуліктік балапандар сияқты асыл тұқымдық өнімдер, негізінен, жақын және алыс шет елдерден жеткізілетінін атап өтті.

Мусин құс тұмауына байланысты жұмыртқа шығаратын құс фабрикаларын субсидиялау мәселесін де қарастыруды ұсынды.

"Нақты өндірісі 100 миллион данадан астам жұмыртқа өндіретін құс фабрикалары 1 дана үшін 1,2 теңге норматив бойынша субсидия алады. Қазірдің өзінде құс тұмауына байланысты отандық кәсіпорындарда құс санының айтарлықтай мөлшерде қысқаруына байланысты, олар жыл қорытындысы бойынша 100 миллион дана жұмыртқа шығара алмайтыны белгілі болып отыр. Бұл аталған субсидияны қайтаруға міндеттеуге әкеп соқтырады. Сондықтан да аталған мәселе қосымша зерделенуі тиіс", - деп санайды депутат.

Сенаторлар аса қауіпті аурулардың өршуіне жол бермес үшін ұйымдастырылған шаруашылықтарда және жеке аулаларда құстарды міндетті түрде вакцинациялауды ұйымдастыру қажет деп есептейді.

Депутаттар үкімет басшысына құс тұмауының өршу себептеріне, тиісті ветеринарлық шаралардың орындалуына жан-жақты тексеріс жүргізуді, құстарды қауіпті ауруларға қарсы міндетті вакцинациялау үшін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді ұсынды.

Сонымен қатар, індет салдарынан қырылған үй құстары үшін нарықтық құны бойынша өтемақы төлеу керектігін айтты. Бұдан бөлек, жұмыртқа өндіретін құс фабрикалары үшін бірыңғай норматив белгілеп, субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыруды, ветеринарлық препараттарды мемлекеттік сатып алуды оңтайландыру және үй құстарын сақтандыру бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.