Бүгін – Кітапханашылар күні!
Қазақ халқының таным-түсінігінде «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген нақыл сөз бар. Ал қазақ әдебиетінің абызы Әбіш Кекілбаев «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген есті сөзін ұрпаққа өнеге етіп қалдырған. Жалпы, қай мемлекетте болмасын, кітапхана жайлы жағымды пікір, оңды ой айтылары сөзсіз. Сонымен қатар, бүгінгі таңда елімізде кітапхана қызметкерлерінің мәртебесі мен табысын арттыру мақсатында көптеген кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Себебі, осыған дейін болмашы жалақыға жанкешті еңбек етіп келген кітапханашылар қандай құрметке болса да лайықты деп білеміз.
Осы орайда, оқырман назарына екі жыл қатарынан ел үздігі атанған кітапхана басшысы – Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Шардарбекова Жанат Сәдібекқызымен болған сұхбатты ұсынып, бүгінде бір өңірдің мәдени ошағына айналып отырған мекемемен таныс етпекпіз.
– Жанат Сәдібекқызы, алдымен бүгінгі қоғамдық маңызы зор кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Жуырда ғана екінші жыл қатарынан еліміздегі үздік кітапхана атандыңыздар. Осы жайында толыққанды әңгімелеп беріңізші.
– Құттықтауыңызға рахмет! Барша әріптестеріме толағай табыстар тілеймін!
Нақтырақ айтқанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы әр жыл сайын республика көлемінде «Kitap Time» деп аталатын байқау өткізеді. Бұл бастаманың тікелей қолдаушысы – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі. Осы фестиваль аясындағы белгілі бағыттарға негізделген іс-шараларды жоғары деңгейде өткізгендігіміз үшін биыл үздік деген атақты иелендік. Ұйымшыл ұжымымыз өткен жылы да фестиваль жеңімпазы атанып, Ақтау шаһарында өткен республикалық жиында марапатталған еді.
– Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, сіз басқарып отырған кітапхананың іске қосылғанына 3 жыл ғана болса да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіпсіздер. Ол жайында да өз аузыңыздан естісек нұр үстіне нұр болар еді.
– Жалпы, біздің ұжым бес саусақтай біріккен кезде кез келген істі жоғары деңгейде атқара алады. Сонымен қатар, шығармашылық тұрғысынан көпшіліктен көш ілгері жүреді. Мен осы бір ерекшелігімізбен мақтана аламын. Соның арқасында кітапхана 2022 жылыдың қорытындысы бойынша өңірдегі мәдениет саласындағы мекемелер «ЖЫЛ ҮЗДІГІ» атанса, Әзілхан Нұршайықовтың туғанына жүз жыл толуына орай кітапханалар арасында өткізілген «Рухани қазына-2022» байқауында жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен бірге, Ақтөбе өңірінде «Ерекше кітаптар әлемі» жобасы шеңберінде өткізілген «Кеңістікте бағдарлау» республикалық додасында тактильді кітап дайындап, жүлделі орынға ие болдық.
Сөз реті келгенде 2022 жылдағы кітапхананың тыныс-тіршілігі жайлы да айта кетейін. Ол кезде өңірімізде 395 кітапхана жұмыс істеп тұрған. Оқырмандар саны 430 мыңнан асса, келушілер саны төрт миллионға жуықтаған. Жалпы кітап қоры 6 миллион 50 мыңнан асса, оның басым бөлігі қазақ тіліндегі оқулықтар болатын. Сол жылы кітапханаларға жүз мыңнан астам жаңа кітаптар мен басылымдар түскен еді. Кітапханашылардың ұйымдастыруымен жыл бойына 15 мыңға жуық іс-шара өткізілді. Олардың қатарында облыстық кітапханашылар слеті, ақын Нармахан Бегалыұлының 80 жасқа толуына орай өткізілген «Жаны жайсаң, жүрегі кең азамат» атты кеш, жазушы Немат Келімбетовтың 85 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қайсар рухты қаламгер» іс-шарасы, «Дара кітапханашы, дана кітапханашы» және «Рухани қазына – 2022» байқалары, аңыз ақын Мұхтар Шахановтың 80 жылдығына арналған «Ұлт тілін ұлықтаған – Мұхтар Шаханов» әдеби-сазды кеші сынды ауқымды жұмыстар бар.
– Өткен 2023 жылы қол жеткізген жетістіктер мен атқарылған жұмыстарды да атап өтіңізші?
– Былтыр да «Кітап Travel - 2023» Шежірелі өлкеден – рухани Темірқазыққа науқаны, «Қызмет» газетімен бірлесе өткізіліп жатқан «Ақылды балаға – сыйлыққа Ақылдым» облыстық акция-байқауы, «Open Library – 2023» ашық есік күндері, «Жылдың үздік жас кітапханашысы – 2023» байқауы, «Жас кітапханашы – 2023» семинар-форумы, «Әлемді кітап арқылы танимын» облыстық байқаулары сынды жобалар іске асырылды. Сөз басында айтылған «KitapTime» жобасын алғаш рет осы 2023 жылы жеңіп алдық. Сондай-ақ, былтыр өңіріміздегі кітапханалар саны 398-ге жетіп, олар 120 мың данадан астам жаңа оқулықпен толықты. Осылайша, жалпы өңірдегі кітап қоры алты миллион данадан асып түсті. Одан бөлек, заманауи ақпараттық технологиямен қамтылған кітапханалар саны үш жүзден асса, 190 кітапхана ғаламтор желісіне қосылды. Өңірімізге қарасты Бәйдібек ауданының орталығы – Шаян елдімекенінде жүз мың кітап қорына шақталған жаңа кітапхана іске қосылды.
– Түркістан облысындағы кітапханалар желісінде биыл қандай өзгерістер орын алып жатыр? Кітапханалардың жай-күйі қандай?
– Жалпы, сөз барысында айтылған жобалар мен байқаулар жыл сайын жалғасын тауып келеді. Ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдеріне арналған мәдени-танымдық кештер де көбеймесе, азайған емес. Биыл облыс көлемінде 399 кітапхана жұмыс істеп жатыр. Оның екуі облыстық, 59-ы қалалық және 338-і ауылдық кітапханалар. 2024 жылдың алғашқы тоғыз айындағы есеп бойынша өңір кітапханаларына үш миллионнан аса келуші қадам басып, оқырман саны 350 мыңға жуықтаған. Одан бөлек биыл кітапханалар үшін елуге жуық компьютер сатылып алынып, 33 кітапхана заманауи техникамен қамтамасыз етілді. Онға жуық кітапханаға интернет желісі тартылды.
Сондай-ақ, оқырман санын арттыру және халықтың кітапханаға қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша аудан, қалалардың орталық базарлары мен мешіттерінде, әкімдіктерден кітапхана пунктін ашу жобасы қолға алынған. Осындай кітапхана пункттерінің де көптеп ашылуы – оқырмандардың көбеюіне тікелей әсер етуші фактор болып саналады деп ойлаймын. «Ашық әкімдіктегі – ашық кітапхана» жобасы аясында әкімдіктерде бірнеше кітапхана пункті ашылған болатын. Сол жобаныңқарқынды түрде жүзеге асуы нәтижесінде қазіргі таңда облыс бойынша әкімшілік ғимаратынан – 15 кітапхана, мешіт ғимаратынан – 4 кітапхана, аудандық халықтық кеңседен – 1 кітапхана,ардагерлер орталығынан – 1. «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығынан» - 2 кітапхананың жылжымалы пункті ашылып, оқырман игілігі үшін қызмет етуде. Базардағы кітапхана жобасы да нәтижелі жүргізіліп облыс көлеміндегі аудан, қала базарларынан кітапхана пункті ашылды. Қазір облыс көлемінде 833 шығармашылық қызметкер жұмыс істеп жатыр. Оның 84-і облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері. Өңірімізде кітапханашы ер азаматтар саны отызға жуықтаса, 35 жасқа дейінгі кітапханашылар саны 168 маманды құрап отыр.
– Осы ретте кітапханашылар мен кітапханалардағы өзекті, түйіні тарқатылмаған мәселелерді де сөз етсек, артық болмас деп ойлаймын.
– Әрине, облыстағы кітапханалар бойынша туындап отырған мәселелер бар. Атап айтқанда, сексенге жуық кітапхана компьютерлік жабдықтармен қамтамасыз етілмеген және 200-ге жуық кітапханада ғаламтор жоқ десек болады. Егер қолдау болып жатса, аудандық және ауылдық кітапханаларды интернет желісімен және компьютерлермен қамтамасыз ету жоспарын әзірлеп қойғанбыз. Биыл кітап қорын толықтыру мақсатында жаңа кітаптар сатып алуға бірнеше аудан мүлдем қаржы бөлмеген екен. Ал, материалдық базаны жабдықтау үшін оннан аса кітапханаға қаражат қаралмаған. Олардың арасында ауылдық, аудандық, тіпті облыстық кітапханалар да бар. Өңірдегі 399 кітапхананың 61-і жеке нысанда, 161-і мәдениет үйінде, 17-сі медициналық мекемелерде және жүзден астамы өзге де ғимараттарда орналасқан. Апатты жағдайда тұрған төрт, күрделі жөндеуге мұқтаж он төрт және ағымдағы жөндеуді қажет ететін он сегіз кітапхана бар. Жалпы, соңғы бес жылда өңірдегі 33 кітапхана жөндеу көрсе, 9 кітапхана жаңадан салынған. Кітапханашылардың жалақысы мен мәртебесін қоспағанның өзінде, кітапханаларға қатысты мәселенің өзі шаш етектен болып отыр. Дегенмен, мемлекет басқарып отырған тұлғалар бұл проблемаларға мойын бұрады деп үміттенеміз.
– Әлбетте, біз де солай боларына сенеміз! Мереке аясында уақыт тауып, бірнеше бағытта өрбіген сұхбат үшін алғыс білдіремін! Мереке мерекеге ұлассын!
Б.Мейірханұлы,