Елімізде ​35 жасқа дейінгі 1,3 млн жас жеке баспанаға мұқтаж

0
610

Өткен жылы Отбасы банк ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) 35 жасқа дейінгі 24 705 қазақстандыққа қоныс тойын атап өтуге көмектесті.


Елімізде ​35 жасқа дейінгі 1,3 млн жас жеке  баспанаға мұқтаж

Бұл туралы "Астана жастары" ресурстық орталығында жастармен кездесу барысында Отбасы банкінің Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтып берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Іс-шара "Демографиялық өсу – ұлттың бәсекелестік артықшылықтарының негізі" тақырыбында Үкімет сағатын өткізуге дайындық жұмыстары аясында өтуде.
Сондықтан бүгін кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары да қатысты. Кездесу модераторы – Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.
Өткен жылы Отбасы банк ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) 35 жасқа дейінгі 24 705 қазақстандыққа қоныс тойын атап өтуге көмектесті. Оларға тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберінде 414 млрд теңге сомасына заемдар берілген.
Негізінен жас қазақстандықтар бір немесе екі бөлмелі пәтер сатып алды. Мұндай тұрғын үйдің орташа құны 19,7 млн теңгеге тең.
Банктің статистикасы бойынша 18-35 жас аралығындағы 1,3 млн қазақстандық баспанаға мұқтаж. Бұл мәселе әсіресе өңірлер мен моноқалаларда өткір болып тұр. Лайықты жұмыс пен тұрғын үй жағдайларының болмауына байланысты халық ірі қалаларға қоныс аударады. Соңғы 5 жылда бұл үрдіс күшейе түсті. Осыған байланысты халықтың ең көп өсуі Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақтөбе облысында байқалады.
Жастарды қолдау және отбасының ішкі көші-қонын азайту үшін банк қалалар мен облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, жастарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Ол бірінші рет Алматыда 2017 жылы басталды. Сол кезде "Алматы жастары" бағдарламасы аясында алғашқы 100 қатысушы қоныс тойын атап өтті. Содан кейін жобаға Астана және басқа да облыстар қосылды. Жастар бағдарламасының арқасында соңғы 7 жылдың ішінде бүкіл ел бойынша 5400 жас қазақстандық қоныс тойын атап өтуге мүмкіндік алды. Отбасы банк жобаны іске асыруға 22,5 млрд теңге, жергілікті әкімдіктер 75,4 млрд теңге бөлді. Жалпы есептегенде жастарға жеңілдетілген несие беру бағдарламасының бюджеті 98 млрд теңгені құрады.
Жастар бағдарламалары Алматы, Астана, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Абай, Ұлытау және Павлодар облыстарында жұмыс істеп тұр.
Бағдарламаға Қазақстанның 35 жасқа дейінгі кез келген азаматы қатыса алады. Егер біз отбасы туралы айтатын болсақ, онда ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Өтінім беру кезіндегі ресми жұмыс өтілі аймаққа байланысты 6 айдан 12 айға дейін болуы керек. Сонымен қатар, соңғы 5 жыл ішінде адамның меншігінде жылжымайтын мүлік болмауы тиіс.
Банк сатып алынатын тұрғын үй құнын шектемейді, жоғарғы шек тек қарыз сомасына ғана белгіленеді. Аймаққа байланысты ол 10 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ауытқиды. Егер таңдалған баспана қымбатырақ болса, онда бағдарлама қатысушысы қарыз сомасы мен тұрғын үй бағасы арасындағы айырмашылықты өз есебінен төлейді.
Жастар бағдарламасы бойынша бастапқы жарна - 10%, ал пайыздық мөлшерлеме - жылдық 5%-дан (ЖТСМ - 5,2%-дан бастап) бастап. Ипотеканың максималды мерзімі - 19 жылға дейін. Сондай-ақ, жас қазақстандықтар тұрғын үйлерді бағдарламадан тыс, нарықтық шарттармен сатып алу үшін Отбасы банкіндегі депозиттеріне белсенді түрде қаражат жинайды. Банк салымшыларының 30%-дан астамы – 35 жасқа дейінгі жас қазақстандықтар. Олардың ең үнемшілдері Алматы, Астана және Шымкентте тұрады.
Биылғы жылы Отбасы банк Қазақстандық жастарды қолдау жөніндегі жобаларды іске асыруын жалғастырады. Сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмысты тиімді іске асыру үшін банк облыс әкімдіктеріне жыл сайын және тұрақты түрде аудан орталықтарында, моноқалаларда және ауылдарда жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін өңірлік бюджетке қаражат бөлуді алдын ала қарастыруды ұсынады.
Бюджеттен әлеуметтік жүктемені азайтып, өңірлерде жұмыс істейтін жастарды ұстап қалу үшін Отбасы банк ірі кәсіпорындарға жыл сайын "Корпоративтік" өнім шеңберінде ынтымақтастық мүмкіндігін ұсынады. Статистикаға сүйенсек, еліміздің моноқалаларында штаттық қызметкерлер саны 230 мыңнан асатын, олардың қатарында 35 жасқа дейінгі жастары бар 47 ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
- Біз жас қазақстандықтар мен олардың отбасыларын қолдау мақсатында қосымша "9-20-25" бағдарламасын әзірледік. Оны наурыз айында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Тұрғын үйдің қолжетімділігін бағалау кезінде қазір жастар үшін қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесінен гөрі бастапқы жарнаның мөлшері маңыздырақ. Ең бастысы, бұл жас отбасы өміріндегі алғашқы, бірлескен меншік, бірігіп алған ортақ жылжымайтын мүлік болады, - деп атап өтті Отбасы банкінің Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.