Елімізде білім мекемелерін лаңкестіктен қорғаудың арнайы нұсқаулығы бекітілді

0
596

​Елімізде білім беру ұйымдарын лаңкестік әрекеттерден қорғау мақсатында арнайы нұсқаулық әзірленіп, бекітілді.


Елімізде білім мекемелерін лаңкестіктен қорғаудың арнайы нұсқаулығы бекітілді

ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Жұманалин мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, құзырлы және қызығушылық танытқан органдар балалар қауіпсіздігін жетілдіре түсу жолында бірқатар шараларды атқарып жатыр. Атап айтсақ, Білім және ғылым министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірлесіп білім беру ұйымдарының техникалық жабдықталуын қамтамасыз етуде. Бүгінде білім беру ұйымдарында жаппай бейнебақылау камерасы мен дабыл түймелері орнатылып жатыр. Сонымен қатар мекеменің кіре берісіне тексеру бекеті (турникет) қойылған. Одан бөлек, мектептегі қауіпсіздікке жауапты күзет ұйымының лицензиясы болуы міндетті», - деді Жасұлан Жұманалин министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің мәлімдеуінше, еліміздегі білім беру ұйымдарының дені лаңкестік тұрғыдан осал нысандар қатарына жатады.

«Осы орайда биыл наурызда білім беру ұйымдарын лаңкестік әрекеттерден қорғаудың арнайы нұсқаулығы бекітілді. Аталған нұсқаулыққа сәйкес, білім беру ұйымдарын жарақтандыру талаптары енгізілді. Бұған дейін біз Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп бейнебақылау жүйесіне қатысты талаптарды әзірлеген болатынбыз. Яғни, білім мекемелеріндегі бейнебақылау камераларын жедел әрекет ету орталығымен интеграциялау керек», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде балаларға қарсы жасалатын қылмыс 17 %-ға азайған.