​Еліміздегі ең көп пара алатын мемлекеттік орган анықталды

0
2 050

Жемқорлар өте сауатты. Жылдан жылға жемқорлардың сауаттылығы жоғарылап бара жатыр. Интернет арқылы бір-біріне пара береді.


​Еліміздегі ең көп пара алатын мемлекеттік орган анықталды

сурет: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Бір жыл бойы жүргізілген зерттеудің нәтижесінде өңірдердегі параның сомасына дейін белгілі болған. Бұдан бөлек халықаралық ұйымдардың рейтингі де жарияланды, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекеттік кірістер департаменті, Мемлекеттік сатып алу басқармасы және санитарлық қызмет саласының мамандары қаражат талап ету жағынан көш бастап тұр.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпаратына қарағанда, Алматының мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлерден 160 мың теңгеден 700 мыңға дейін пара сұрайды екен. Жоғарыда аталған мемлекеттік сатып алу басқармасының талабы жоғары. Көптеген құжатпен кәсіпкерлердің миын қатырмас үшін 500-600 мың теңге айналасында пара сұрайтын көрінеді. Антирейтингте жиі аты аталатын қызмет ол санитарлық эпидемилогтар. Олар тексерістің тігісін дұрыс жатқызу үшін 400 мың теңгеге дейін суырып алуы мүмкін.

Кәсіпкерлер палатасы жүргізген зерттеуге сәйкес Алматы мен Астана қаласындағы орган өкілдері пара алуға жиі баратын болып тұр. Саясаттанушы Расул Жұмаұлы бұл іске «қоғам да өз үлесін қосу керек», дейді.

«Меніңше ең негізгі алғышарт ол - саяси ерік-жігер. Сол мемлекет билігінің, қоғамының, халқытың төзбеуі. Жемқорлыққа көз жұма қарамай, халық – бұл мемлекеттің ақшасы, қалайша оған шенділер, мемлекеттік қызметкерлер қол сұғады, бұл «менің қалтама қол сұққандай ғой» деген көзқарас болмайынша, жемқорлықты жеңіп шығу мүмкін емес. Өкінішке орай, бізде ондай көзқарас қалыптаспаған», - дейді саясаттанушы Расул Жұмалыұлы.

Жыл санап пара алу мен берудің де жүйеге қойылған жаңа нобайы пайда болған. Қоғам белсендісі Мұрат Әбенов бұл бағытты да ескеруіміз қажет деген пікірде.

«Жемқорлар өте сауатты. Жылдан жылға жемқорлардың сауаттылығы жоғарылап бара жатыр. Интернет арқылы бір-біріне пара береді. Шетелден счет ашады, бізге көзге көрінбейтіндей әрекеттер жасайды. Оларды ашу үшін журналистер де, қоғам да сауатты болуы керек, - дейді қоғам белсендісі Мұрат Әбенов.

Жемқорлықпен күрес бойынша бүкіләлемдік ұйымның да зерттеуі шықты. Соған сәйкес, Қазақстан 180 мемлекеттің ішінен 122 орынға тұрақтаған, Украина – 130, Ресей -135, Өзбекстан – 157 орында.

«Жемқорлыққа бейім 180 мемлекет бар екен. Соның 122-ші орындамыз. Біздегі жағдай онша жақсы емес сияқты. Бірақ пост кеңестік елдердің ішінде Қазақстан ең тәуір жағдайда», - дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали.

Жоғарыда аталған құзырлы органдарға кәсіпкерлер мен халықты қыспаққа алмай, керісінше мәселесін шешуге қолғабыс тигізуі керек дегенді мемлекет басшысы бірнеше қайтара ескерткен еді. Бірақ еш өзгеріс жоқ.

«Барлық салада жемқорлыққа қарсы күрес күшейтілуі тиіс. Біріншіден, тиісті мониторинг жүргізіп, мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрлық форматқа көшіру жұмыстарын жалғастыру қажет. Екіншіден, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы жөніндегі мәселені шешу керек. Үшіншіден, басшылықтың жауапкершілігін арттыру маңызды», - деген болатын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Жемқорлық - қоғамды ірітіп-шірітетін дерт десек, оның түп-тамырын зерттеп жүрген мамандар қазір параны алу мен берудің технологиясы өзгергенін айтады. Парақорлар интернетке жүгінеді иә болмаса шетелден есеп-шот ашып, көзге көрінбейтіндей операциялар жасайды. Мұндай фактілерді болдырмас үшін құзырлы органдарға үлкен өзгеріс керек сияқты.