Елордада алғашқы 100 әскери міндетті әскерге шақырылды

0
898

Әскери міндеттілер қатарында-белгілі қазақстандық боксшы да бар.


Елордада алғашқы 100 әскери міндетті әскерге шақырылды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 2 сәуірдегі №296 Жарлығына сәйкес елордада әскери міндеттілер тізімі құрылып, әскерге шақырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бүгін елорда әкімі Алтай Көлгінов пен Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР ҚК Бас штабының бастығы Мұрат Бектанов әскери міндетті-еріктілермен кездесті. Бірінші кезеңде 100 әскери міндеттілер шақырылды. Олардың барлығы әскери міндетті-еріктілер. Қажет болған жағдайда олардың саны ұлғайтылатын болады.

Әскери міндеттілер қатарында-белгілі қазақстандық боксшы, "Көк тудың желбірегені" әнінің авторы және орындаушысы Ибрагим Ескендір де бар.

"Халық әрқашан шығармашылық адамдарын, спортшыларды қолдайды. Біз бұл қолдауды сезінеміз. Халқыма қызмет етуге дайынмын. Мен запастағы лейтенантпын, бокспен айналысатындықтан физикалық тұрғыда төзімдімін. Мемлекет басшысының әскери міндеттілерді арнаулы әскери жиынға шақыру туралы Жарлығын естігенде, еш күмәнсіз бірден елордадағы әскери комиссариатқа келдім. Медициналық тексеруден өттім, қызметке дайынмын", - деді Ибрагим Ескендір.

Қала әкімі Алтай Көлгінов атап өткендей, әскери міндеттілердің негізгі міндеттері-коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб жұмысына қатысу, өткізу-бақылау бекеттерінде қызмет атқару, қала аумағына дезинфекция жүргізу, инфекция ошақтары анықталған нысандарды күзету және т. б.

Әскери міндеттілер тамақпен, киім-кешекпен, сондай-ақ еңбекақымен толықтай қамтамасыз етілді.