Франция Қазақстанның жылқы етін сатып алмақ

0
272

Елдер арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 2024 жылдың сегіз айында 67 млн доллар болды, оның ішінде рапс дәні экспортының артуы есебінен Қазақстаннан Францияға экспорт алты есе өсті.


Франция Қазақстанның жылқы етін сатып алмақ

Фото: Pixabay.com

ERNUR.KZ. Франция қазақтың жылқы етіне қызығушылық танытты. Мұны Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиуэ ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровпен кездесуінде айтты, деп жазады stan.kz.

Кездесу барысында тараптар елдер арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Министр басым бағыттар қатарында өзара сауда көлемін ұлғайту бар екенін атап өтті.

Елдер арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 2024 жылдың сегіз айында 67 млн доллар болды, оның ішінде рапс дәні экспортының артуы есебінен Қазақстаннан Францияға экспорт алты есе өсті.

Сондай-ақ тараптар уақ малды экспорттаудағы ветеринариялық талаптарға өзгерістер енгізу мәселелерін талқылап, француз тұқымды ірі қара малын қолдан ұрықтандыру арқылы қазақ тұқымын жақсарту бойынша бірлескен жобаны қарастырды.

Сонымен қатар кездесуге қатысушылар Danone компаниясының Қазақстандағы әлеуетін кеңейту мәселесін талқылады. Йогурт өндіру үшін кәсіпорын тек қазақстандық фермерлердің сүтін пайдаланады. 2025 жылы 730 миллион теңгенің қосымша желісін орнатуды жоспарлап отыр.

“Қазанның басында Францияда өткен мал шаруашылығы саммиті аясында "Қайып ата" және Pegase BVS компаниялары арасында жылқы етін жеткізуді ұйымдастыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бүгінде жылқы етін Францияға экспорттауға шаруалар мен шаруа қожалықтары қызығушылық танытып жатыр", – делінген хабарламада.