Қарағандыда тағы екі жайлы мектеп ашылады

0
254

Ұлттық жобаның іске асырылуы тұрақты бақылауда.


Қарағандыда тағы екі жайлы мектеп ашылады

Қарағандыда Көгілдір тоғандар мен Оңтүстік-Шығыста биыл тағы екі жайлы мектеп ашылуға тиіс. Ғимараттар салынды, қазір ішкі жұмыстар мен аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ Қарағанды облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Ұлттық жобаның іске асырылуы тұрақты бақылауда. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев нысандарды кезекті рет аралап қайтты. Мердігерлер жұмыстың барысы туралы баяндады.

Көгілдір тоғандарда салынып жатқан «Томирис» тұрғын үй кешенінде 1200 орындық жайлы мектеп салынуда. Оның ашылуы сыныптары шектен тыс толып кеткен 77-ші мектептің жүктемесін түсіруге мүмкіндік береді. Құрылыстың аяқталуын мұғалімдер де, оқушылар да күтуде. Педагогтар штаты жұмысқа қабылданды, жаңа мектепте оқығысы келетіндерден өтініштер қабылдануда.

Оқытуға қажетті барлық заттар дайындалды: оқулықтар, кабинеттерге арналған жабдықтар. Жиһаз Қарағанды өндірушісінен сатып алынды. Жайлы мектептерді салу және жабдықтау кезінде отандық өнімді пайдалануға ерекше назар аударылады.

Гүлдерде ашылатын жаңа оқу орны 300 орынға есептелген. Ашылғаннан кейін көршілес орналасқан Ы. Алтынсарин атындағы мектеп-лицейдің жүктемесі азаяды.

Ермағанбет Бөлекпаев оқушылардың қауіпсіздігіне басым назар аударылатынын атап өтті. Жаңа мектептерге ыңғайлы кіреберісті қамтамасыз ету қажет.

1 қыркүйекте Қарағандыда 2000 орындық алғашқы жайлы мектеп ашылды. Ол «Кендала» шағын ауданында салынды. Жаңа оқу орны қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі төрт мектептің жүктемесін азайтты. Бірінші кезекте Әлихан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің оқушылары көшіп келді.

Қарағанды облысында «Жайлы мектептер» ұлттық жобасы бойынша сыйымдылығы 12,5 мың орындық 18 нысан салынады деп жоспарланған. Жаңа заманауи мекемелер облыс орталығында ғана емес, Балқаш, Абай, Приозерск, Бұқар Жырау, Шет, Қарқаралы, Нұра аудандарында да пайда болады.