Әлеуметтік желіде бұзақылық жасаған ер адамның видеосы тарап кетті.
ERNUR.KZ. Қарағанды тұрғыны тұрғын үй кешендерінің бірінде лифтті қиратты. Ер адам ұсталып, оған қатысты әкімшілік материал толтырылды, деп жазады Tengrinews.kz.
Әлеуметтік желіде бұзақылық жасаған ер адамның видеосы тарап кетті. Кадрларға қарағанда, оқиға "Комфортный дом" тұрғын үй кешенінде болғаны байқалады. Болжам бойынша, ер адам лифтке қамалып қалып, ашуланғаннан есікті тепкілей бастаған. Дәл осы кезде оның қасында болған әйел оны тоқтатуға әрекеттенген. Салдарынан лифт есіктері зақымданған.
Видеоға полицейлер қызығушылық танытқан. Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі құқықбұзушының жеке басы анықталғанын айтты.
"15 қарашада Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне қаладағы тұрғын үй кешендерінің бірінде белгісіз біреу лифт есігін зақымдағаны туралы хабарлама келіп түсті. Полиция жасағы ұсақ бұзақылық дерегін тіркеді. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде тұрғын анықталды, ол 29 жастағы қала тұрғыны болып шықты", - деді ведомство өкілі.
Құқықбұзушыға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы "Ұсақ бұзақылық" бойынша әкімшілік іс қозғалған.
Материал процессуалдық шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды.