Қатаң карантин қайта оралуы мүмкін: Тоқаев үкіметке екі күн уақыт берді

0
1 366

​Президент пандемиямен күреске қатысты барлық шешімді премьер-министр басқаратын мемлекеттік комиссияның аясында қабылдауды тапсырды.


Қатаң карантин қайта оралуы мүмкін: Тоқаев үкіметке екі күн уақыт берді

ERNUR.KZ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік комиссияға екі күн ішінде қатаң карантин енгізуге қатысты ұсыныстар әзірлеп енгізуді тапсырды, деп жазады sputniknews.kz.

Президент пандемиямен күреске қатысты барлық шешімді премьер-министр басқаратын мемлекеттік комиссияның аясында қабылдауды тапсырды. Мемлекеттік комиссия ресурстарды бөлуді орталықтан бақылауы тиіс.

"Ағымдағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру бойынша шұғыл шаралар қабылдау мақсатында Мемлекеттік комиссияға екі күн ішінде осы жылдың наурыз-мамырындағыға ұқсас, қатаң карантин енгізуге қатысты ұсыныстар әзірлеп, маған енгізуді тапсырамын", - деді Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөнінде кеңесте.

Сонымен қатар, ол зертханалық зерттеулердің тиімділігін көтеруді, ПТР зертханалардың саны мен уақытын арттырып, реагенттер мен шығыс материалдарын үздіксіз жеткізу мәселесін шешуді тапсырды.

"Азаматтардың зертхана маңындағы ұзын сонар кезекке, санитарлық нормалардың сақталмауына қатысты шағымдары орынды. Мұның бәрі вирустың жұғуына әкеп соғады. Сол себепті ПТР тесті тек онлайн немесе Call-орталық арқылы алдын ала жазылып өткізу қажет", - деді мемлекет басшысы.

Тоқаев инфекция ошақтарында, әсңресе ауылды елді мекендерде мобильді зертхана ұйымдастыру және мобильді қызметтерді одан әрі дамытуға ақша бөлу өте маңызды екенін атап өтті.

29 маусым күні ел президенті коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөнінде кеңес өткізді. Жиында мемлекет басшысы қазіргі ахуалға баға беріп, азаматтардың денсаулығын сақтаудың сапасын арттыруға бағытталған шаралар жарияланды. Сондай-ақ, экономиканы қолдау және халықты әлеуметтік қорғау мәселесі де талқыланлы. Жиынға үкімет мүшелері, бірқатар ведомство басшылары мен облыс әкімдері қатысты.