Ерік Сұлтанов Премьер - министрге депутаттық сауалнама жолдады.
ERNUR.KZ. Сенат депутаты Ерік Сұлтанов ауыз су тапшылығы мәселесін көтеріп, Премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауалнама жолдады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Сенатор келтірген мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда 1,2 млн адам ауыз су тапшылығы зардабын тартып отыр. 2,5 мыңнан астам ауылдық жерде әлі күнге дейін сапалы ауыз су жоқ. Депутаттың сөзінше, оған бюджеттік бағдарламаның дұрыс бақыланбауы және 2019-2020 жылдары бюджеттен бөлінген қаражаттың игерілмеуі себеп болып отыр.
«Сондай-ақ, бюджеттің тапсырыс берушісі де, әкімшісі де саналатын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті қызметінің сын көтермеуі де себеп болып отыр. Еліміздің солтүстігі мен Қостанайдағы жағдай бұған дәлел», – дейді Ерік Сұлтанов.
Сондай-ақ, депутаттық сауалда: «Солтүстік Қазақстан облысының су құбырларының 67%-ы немесе 1955 км толығымен тозған және топтық су құбырлары жүйесінің ақаулы техникалық жағдайы төтенше жағдайлардың туындауына алып келіп отыр. Олар Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының 200-ден астам ауылдық елді мекендерін сумен қамтамасыз етуге қауіп төндіріп отыр. Магистралдық құбырлардың қатты тозуына байланысты тасымалдау кезінде су шығынының жалпы көлемі 65%-ды құрайды», – делінген.
Сенатор өз сөзінде проблемалық жобаларды да айта кетті. Мәселен, Преснов топтық су құбырын қайта қалпына келтіру жобасын іске асыру 2014 жылдан бері жүріп жатыр, алайда әлі аяқталған жоқ. 2019 жылы жұмыстарды орындау қарқынының төмендігіне байланысты 2,9 млрд. теңге игерілмей, бюджетке қайтарылған.
«2020 жылы жобаны жалғастыруға 1,1 млрд теңге бөлінді, бірақ бұл қаражаттың да игерілмеу қаупі бар. Аталған проблемалардың барлығы Мемлекет басшысы берген тапсырманың дұрыс орындалмауына және халық денсаулығының нашарлауына әкеп соқтырады. Осы мәселенің әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын ескере отырып, Сізден Солтүстік Қазақстан облысының ауыл халқын сумен жабдықтау проблемаларын жою бойынша тиімді шаралар қабылдауыңызды және заңнамада белгіленген тәртіппен жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз», – деді Сенат депутаты Ерік Сұлтанов.