Мемлекет басшысының ірі қалаларда тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде I кезеңде жалпы сомасы 307,1 млрд теңгеге 65 жоба мақұлданды.
фото:ortcom.kz.
ERNUR.KZ. 5 жоба бойынша «Жасыл даму» АҚ Өнеркәсіпті дамыту қорына 3,5 млрд теңге қаражат бөлді, оның ішінде 3,4 млрд теңгеге 4 жоба бойынша қаражат түпкілікті қарыз алушыға жіберілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлімдеді.
Спикер атап өткендей, 69,9 млрд теңге сомасына 16 жоба бойынша қараудың екінші кезеңінде тұр. 232,1 млрд теңге сомасына 44 жобаны инвесторлар ӨДҚ ескертулері бойынша пысықтайды, бұдан әрі олардың қаржылық тұрақтылығы тексерілді. Аталған жобалар қайта өңдеу қуатын жылына 1,1 млн тоннаға, сұрыптау бойынша – жылына 2,2 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.
«2024 жылы сот шешімімен республикалық меншікке берілген 974 тонна иесіз қауіпті қалдықтар жойылды. Республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайту мақсатында Министрлік Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан Экологиялық кодекске кәдеге жарату төлемдерінен түскен қаражат есебінен қауіпті қалдықтарды басқару бөлігінде түзетулер дайындады. 2024 жылы «Жасыл даму» АҚ Өнеркәсіпті дамыту қорына 120,5 млрд теңге аударды, оның ішінде 117 млрд теңге – техниканың жеңілдікті лизингін қаржыландыру үшін берілді» , – деді вице-министр.
Бұл қаражатқа ТЖМ, Су ресурстары және ирригация министрлігі, орман мекемелері мен өңірлердің қажеттіліктері үшін 1 259 бірлік техника сатып алынды.
Спикердің айтуынша, 2025 жылы ағаш дайындау техникасын сатып алуға, өртті ерте анықтау жүйесін енгізуге, жабық тамыр жүйесі бар орман питомниктерін салуға, ормандарды молықтыруға 55 млрд теңге көлемінде орман мекемелерін қаржыландыру көзделген.
Экология вице-министрі өткен жылы ЕсoQoldaý бағдарламасы қайта басталғанын еске салды. Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін ұялы телефон қосымшасы әзірленді. Жиналған қалдық көлемі 20 мың тоннаны құрады, қайта өңдеуге 10,8 мың тонна қабылданды. Бұл бағдарламаны қаржыландыруға 2025 жылы 9,3 млрд теңге қарастырылған.
Жомарт Әлиев 2024 жылдың 28 қазанынан бастап қолданыстан шыққан көлік құралдары мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жарату бағдарламасы қайта басталғанын айтты. Бүгінгі таңда 3 компания екінші санаттағы рұқсат алды, 9 кәсіпорын рұқсат алуды күтуде. 2025 жылы кәдеге жаратуға 50 мың бірлік техника қабылдау жоспарланып отыр.