Қазақстанда индустриялық саясат туралы заң қабылданады

0
818

Әлемдегі және Қазақстандағы пандемияға байланысты күрделі жағдайда 2020 жылдың 7 айында өнеркәсіп 3,8 пайызға өскен.


Қазақстанда индустриялық саясат туралы заң қабылданады

ERNUR.KZ. Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр индустриялық саясат туралы заң жобасы әзірленіп жатқанын мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Әлемдегі және Қазақстандағы пандемияға байланысты күрделі жағдайда 2020 жылдың 7 айында өнеркәсіп 3,8 пайызға өсті. Әсіресе, фармацевтика 23,2 пайызға, машина жасау 13,9 пайызға, жеңіл өнеркәсіп 7,3 пайызға артты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында нақты тапсырмаларды беріп, жұмыстың жоғары қарқынын белгіледі. Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемін 1,5 есе ұлғайту бойынша ауқымды жұмыс жүргізу қажет. Осы мақсатқа жету үшін бәсекелестік артықшылықтар мен сыртқы нарықтағы экспорттық мүмкіндіктерді біртіндеп арттырып, ішкі нарықта өңдеу өнеркәсібінің өндірістік әлеуетін арттыру бойынша шаралар қабылданады», - деді Роман Скляр Үкіметтің баспасөз орталығында журналистерге.

Премьер орынбасарының айтуынша, жыл соңына дейін металл түрлерінің өндірісіне қатысты отандық кәсіпорындар мен қосымша құны жоғары өнімдерді шығару бойынша оларды қайта өңдеушілер арасында өзара тиімді ынтымақтастық механизмі жасалады.

«Институционалдық негізді сақтай отырып жүргізілетін жұмыстарға жеңілдік беру үшін индустриялық саясат туралы заң жобасымен жұмыс басталды. Қазіргі уақытта заң жобасы әзірленіп, оны бизнес және салалық қауымдастықтар, өнеркәсіптік кәсіпорындар талқылауда. Заң жобасында қолдау шараларының құралдарын кеңейту, мемлекеттен, квазимемлекеттік сектордан және жер қойнауын пайдаланушылардан кепілдендірілген сатып алуларды жүзеге асыру шаралары ескерілген», - деді ол.