М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті "Индер-2024" халықаралық ғылыми экспедициясын өткізді.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғалымдары республикада жаңа өсімдік түрін ашты. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті "Индер-2024" халықаралық ғылыми экспедициясын өткізді. Экспедиция жұмысына В.Татищев атындағы Астрахань мемлекеттік университетінің іргелі биология кафедрасының профессоры Алексей Лактионов, Ресей Ғылым Академиясының Орал бөлімшесінің ботаникалық бағының эксперименттік экология және өсімдіктерді бейімдеу зертханасының меңгерушісі Михаил Князев қатысты.
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының ботаника, зоология және экология мамандары Индер тұз күмбезді ауданының табиғи кешенінің экожүйесі мен биоәртүрлілігіне бірлескен зерттеулер жүргізді. Ғалымдар экспедициялық далалық жұмыстар барысында биотоптарды сипаттай отырып, ботаникалық, биогеографиялық және геоботаникалық зерттеулер жүргізді.
Экспедицияның негізгі мақсаты Қазақстанның Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында жаңа трансшекаралық ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру үшін табиғи экожүйелерге антропогендік әсері аз аумақтарды таңдау болды. Ботаникалық зерттеулердің нәтижелері бойынша "Астрагалус (Astragalus L.)" тұқымдасының ғылым үшін жаңа өсімдік түрі табылды. Бұл жаңалық Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау мен зерттеудің маңыздылығын атап өтіп, ғылымға елеулі үлес болып табылады.
Сондай-ақ 70 жылда алғаш рет Индер тауларының герпетофаунасының тізімі тағы бір түрмен – су жыланымен толықтырылды. Ол Индер көлінің солтүстік-батыс бөлігіндегі суға толы карст ойпатынан табылды. Бұрын ол 1949-1950 жылдары Индер көлінің маңында табылған еді.
Индер тұз күмбезді ауданының аумағы ғылым үшін жоғары құндылық және жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақты құруға үміткер болып табылады.