Қазақстанда тұрғын үй бағасы арзандауы мүмкін

0
352

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс нарығында қалыптасқан соңғы ахуалға қатысты түсініктеме берді.


Қазақстанда тұрғын үй бағасы арзандауы мүмкін

ERNUR.KZ. Онда құрылыс материалдарының бағасы едәуір төмендегені байқалатыны айтылған, деп жазады exk.kz.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі еліміздегі тұрғын үй құрылысының өзіндік құны құрылыс материалдарының бағасына тікелей тәуелді екенін алға тартты. Яғни бұл жағдайдағы үлес салмағы шамамен 60 пайыз. Ал соңғы уақытта сол негізгі материалдар бағасының төмендеуі тұрғын үй нарығына да өз әсеріне тигізіп жатқан көрінеді.

"Мәселен, арматура бағасы 6 пайызға, газ блогы 3 пайызға, шыны 17,6 пайызға кеміген. Ресейлік құрылыс материалдары бағасындағы демпингке орай жақын мерзімде нарықтағы бағаны түседі деп отырмыз", - делінген министрлік мәліметінде.

Сонымен қатар, министрлік елдегі тұрғын үй құнын төмендету мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын да айта кеткен. Яғни мемлекет тарапынан тұрақты түрде құрылысқа қажет негізгі материалдар бағасы бақылауға алынып, отандық өндірушілердің, соның ішінде үй құрылысы комбинаттарының өнімдерін пайдалану міндеттелген. Сонымен қатар аталған өнімдер қолданылған типтік тұрғын үйлер жобасы да даярлануда.

"Өз кезегінде типтік жобаларды кеңінен қолдау жобалауға жұмсалатын шығын көлемін едәуір азайтады. Бұл баспана құрылысының өзіндік құнын кемітуге де серпін бермек", - делінген мәліметте.

Жалпы, бүгінгі таңда ел бойынша тұрғын үй кезегінде 600 мыңнан астам азамат тұр. Оның 215 мыңы көпбалалы отбасылар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар сияқты әлеуметтік әлжуаз топтар. Тіпті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, тұрғын үй кезегінде тұрған 70 мың азаматтың кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінде екені анықталған.