Платформа электронды үкіметке ұқсас жүйеде жұмыс істейді.
ERNUR.KZ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен енді еліміздегі әрбір зират цифрландырылады. Ал кімнің қайда жерленгені туралы деректер "Жерлеу" қосымшасына енгізіледі, деп жазады stan.kz.
Платформа электронды үкіметке ұқсас жүйеде жұмыс істейді. Сонымен қатар мұнда діни қызметтерді алуға арналған сервис пен бірыңғай іс әрекеттердің алгоритмі құрылады. Атап айтқанда қаза болғанда қандай анықтаманы алу керек, қайда бару керек, әр аймақта олардың қызмет құны қанша және тағы басқа ақпараттар болады.
Бұрын мүфтият жерлеу рәсімі мен бейітке барудың біріңғай стандартын жасап құрған еді. Енді аэроғарыштық жеке компаниямен серіктесе отырып, діни рәсім өткізетін мұсылмадардың рухани басқармасымен бірге еліміздің барлық облыс аймақтарында бейіттерді цифрландырмақ. Қосымша жыл соңына дейін жасалады. Кейін базаға республикадағы барлық бейіт тіркеледі.
“Бұрынғы ата-бабаларын таппай қалған жандарға бұл өте тиімді. Себебі “Жерлеу” мобилді қосымшасы арқылы әлемнің кез келген жерінде жүрген адам іздейтін туысының аты-жөнін теру арқылы қайда жерленгенін біле алады. Мекен-жайы 2GIS қосымшасынан көрсетіліп тұрады”, – деді “Қамқор Шапағат” діни рәсімдер өткізу орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы.
Бастамашылар Астана, Шымкент қалаларындағы мұсылмандық зираттарды цифрландырып үлгерген. Тіпті жазуы көрінбей қалған бейіттерді де тіркеуге алу жоспарланып отыр. Олар орындардың архивтік жазбалары арқылы анықталмақ.