МАЖ мәліметтері бойынша эмиссиядан асатын кәсіпорындарға қатысты жауапкершілікті күшейту үшін Министрлік бірқатар НҚА-ға түзетулер әзірледі.
фото:ortcom.kz.
ERNUR.KZ. Биылдан бастап 28 кәсіпорын үшін шығарындылар, төгінділер, қалдықтарды көму, күкіртті ашық түрде орналастыру бойынша төлемақы мөлшерлемелері екі есеге ұлғаяды. Сонымен қатар қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйелерін орнату жұмыстары аяқталуда. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлімдеді.
«Еліміздегі ең ірі 50 өнеркәсіптік кәсіпорынның құрамына кіретін және зиянды заттар шығарындыларының негізгі үлесін құрайтын бірінші санаттағы объектілер бойынша шығарындылардың төмендеуі шамамен 6%-ды құрады», – деді Жомарт Әлиев.
Ол алдағы уақытта ең үздік қолжетімді техниканы енгізе отырып, кешенді экологиялық рұқсаттарға көшіп, эмиссияларды төмендетуге қол жеткізу көзделіп отырғанын атап өтті.
«Биылдан бастап, кешенді экологиялық рұқсатсыз (КЭР) қызметін жүзеге асыратын ТОП-50-ден 28 кәсіпорын үшін шығарындылар, төгінділер, қалдықтарды көму, күкіртті ашық түрде орналастыру бойынша төлемақы мөлшерлемелері екі есеге ұлғаяды. Бүгінгі таңда Ең озық қолжетімді технологиялар бойынша 16 анықтамалық және қорытынды бекітілді. Ағымдағы жылы былтыр әзірленген төрт анықтамалықты бекіту көзделген. Осылайша, кәсіпорындарға Ең озық қолжетімді технологиялар Ұлттық анықтамалықтары бойынша КЭР-ге көшу қамтамасыз етіледі», – деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ вице-министрдің айтуынша, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың эмиссияларын бақылау және экологиялық заңнама талаптарының бұзылуына жедел ден қою үшін қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйелерін (МАЖ) орнату жұмыстары аяқталуда. Бүгінгі таңда МАЖ орнатуға міндетті 91 кәсіпорынның 72-сі «Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесін енгізіп, деректерді жібереді.
«Қаржылық қиындықтарға тап болған кәсіпорындар, бұл негізінен жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын тіршілікті қамтамасыз ету объектілері, олар бойынша әкімдіктер МАЖ орнату бойынша Жол карталарын бекітті, олардың шеңберінде экологиялық төлемдер есебінен МАЖ енгізуді қаржыландыру көзделген. Сонымен қатар 2024 жылы МАЖ орнату бойынша талаптарды орындамағаны үшін инспекторлық тексерулер шеңберінде 26 кәсіпорын жалпы сомасы 15,5 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды және бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді», – деп хабарлады Жомарт Әлиев.
МАЖ мәліметтері бойынша эмиссиядан асатын кәсіпорындарға қатысты жауапкершілікті күшейту үшін Министрлік бірқатар НҚА-ға түзетулер әзірледі.
«Экологиялық бақылау бөлігінде 2024 жылдың 12 айында экологиялық заңнаманы сақтау бойынша 1 080 тексеру жүргізілді, 2 888 бұзушылық анықталды, 1 820 ұйғарым берілді. 2 404 әкімшілік айыппұл салынды, оның ішінде 31,4 млрд теңге көлемінде 2 076 айыппұл өндірілді. Шаруашылық қызметті тоқтата тұру туралы сотқа 45 материал жіберілді, оның 35-іне қатысты сот шешімі шығарылды», – деп толықтырды спикер.