Қазақстандық кәсіпкерлердің үстінен арызданған Әлия Назарбаева сотта жеңілді

0
362

Әлия Назарбаева адвокаттары арқылы отандық кәсіпкер Нұрлан Баймурзин мен серіктесі Медғат Қалиевті жалған ақпарат таратты деп айыптап, сотқа берді.


Қазақстандық кәсіпкерлердің үстінен арызданған Әлия Назарбаева сотта жеңілді

ERNUR.KZ. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаева бірқатар кәсіпкерлердің үстінен шағым түсірді. Алайда сот кәсіпкерлердің пайдасына шешілді, деп жазады stan.kz.

Әлия Назарбаева адвокаттары арқылы отандық кәсіпкер Нұрлан Баймурзин мен серіктесі Медғат Қалиевті жалған ақпарат таратты деп айыптап, сотқа берді. Өткен аптада сот құқық бұзушылықтың анықталмауына байланысты істі тоқтату туралы шешім шығарды.

Айта кетейік, ақпан айында Медғат Қалиев пен Нұрлан Бимурзин Бас прокуратураға Әлия Назарбаеваны рейдерлік әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраған еді.

“Бізді қолдаған жанашыр азаматтарға алғысымды білдіремін. Атышулы есімдерге қарамастан заңды әрі әділ шешім шығарған сот жүйесіне ерекше алғыс айтамын. Арызымыз төрт ай бойы бір органнан екінші органға жіберілгендіктен, істің әділ аяқталуына күмәнмен қарадық. Қазақстанның Жоғарғы соты ішкі істер министрлігіне қарағанда ескінің сарқыншағын емес, заңды басшылыққа алатынына көзіміз жетті. Ішкі істер министрлігі процессуалдық шешім қабылдау үшін қаржы мониторингі агенттігі жіберген өтінішті қарайды деген сенімдеміз”, – дейді Нұрлан Баймурзин.

Еске салайық, бұған дейін Әлия Назарбаеваға қатысты рейдерлік шабуыл жасау бойынша қылмыстық іс Алматының экономикалық тергеу департаментіне берілгенін жаздық. Сол арқылы прокуратура Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызына қарсы “сотқа дейінгі тергеу жүргізуден бас тарту туралы” полицияның шешімін жойды.

Бұған дейін Әлия Назарбаева өзін рейдерлік шабуыл жасады деп айыптаған кәсіпкер Нұрлан Бимурзинді сотқа берген еді.