Қазақстандықтар шетелдегі қақтығыстарға қатысқаны үшін қылмыстық жауапқа тартылады – Ішкі істер министрлігі

0
480

Кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде шет мемлекеттердің Қарулы күштерімен ақылы шарт жасасуға үгіттейтін жарнамалық материалдар мен видеолар таралып жатыр.


Қазақстандықтар шетелдегі қақтығыстарға қатысқаны үшін қылмыстық жауапқа тартылады – Ішкі істер министрлігі

Фото: Александр Рюмин/ТАСС

ERNUR.KZ. Қазақстан өз азаматтарына басқа елдің соғысына қатысқаны үшін қылмыстық жауапқа тартылатыны туралы ескертті, деп жазады stan.kz.

"Кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде шет мемлекеттердің Қарулы күштерімен ақылы шарт жасасуға үгіттейтін жарнамалық материалдар мен видеолар таралып жатыр. Шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде қылмыстық жауапкершілік қарастырылған", – делінген ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Егер Қазақстан Республикасының азаматы жалдамалылық белгілері жоқ жағдайда шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе әскери әрекеттерге қасақана заңсыз қатысса, Қылмыстық кодекстің 172-бабына сәйкес, (Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу) 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

Ал (Қылмыстық кодекстің 170-бабы (жалдамалық) бойынша жасалған қылмыстың ауырлығына байланысты 7 жылдан бастап өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру немесе мүлкін тәркілеу жазасы көзделген.

"Ішкі істер министрлігі азаматтарға Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауды және құқықтық салдары ауыр болуы мүмкін әрекеттерден аулақ болуды қатаң түрде ұсынады", – деп толықтырды ведомство.

Еске салайық, бұған дейін Ресей үшін соғысқан қазақстандықтар Украинада тұтқынға түскенін жаздық. Ресейге жұмыс істеп, табыс табу үшін барған қазақстандық ойда-жоқта соғыс алаңына тап болғанын айтты. Қазақстан азаматы соңында Украина түрмесінен бір-ақ шыққан.