Президент реформалардың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту екенін айтты.
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде жүзеге асырылып жатқан реформаларымыздың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту екенін айтты, деп жазады sputnik.kz.
Ол Қазақстан геосаяси аймақта ауқымды, демократияны арқау еткен реформалар жолына түскен бірден-бір мемлекет екенін атап өтті.
"Сондықтан бізге оңай болмайды. Бірақ бұл жолды қалайда жүріп өтуге тиіспіз. Енді жұмысқа жұмыла кірісеміз", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Айтуынша, әрбір мемлекеттік қызметшіге орасан зор міндет жүктеліп отыр.
"Бұл – ең алдымен, барша Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілік. Сіздердің шешімдеріңіз бен іс-әрекеттеріңіз елдің бүгіні мен болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелмеу керек. Сіздер мемлекетшіл-реформатор болуларыңыз қажет", - деді президент.
Ол реформалардың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту екенін айтты.
"Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек. Жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың өзін-өзі дамытуына барлық мүмкіндік жасалуға тиіс. Мұның бәрін мықты нарықтық экономика болса ғана, табысты жүзеге асыра аламыз", - деді Тоқаев.