2019 жылы жағдайы төмен азаматтардың 106 миллиард теңгеге жуық несиесі кешірілген болатын.
ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев барлық ипотекалық, тұтынушылық және ШОБ үшін берілетін несиелердің шекті пайыздық мөлшерлемелерін ақылға қонымды деңгейге дейін төмендету бойынша шаралар қабылдауды сұрады, деп жазады baq.kz.
Ол бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттық сауалын Премьер-министр, Ұлттық банк төрағасы мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысына жолдады.
Соңғы айларда қоғам белсенділері мен біздің әріптестер несиелік рақымшылық жасау мәселесін көтеріп жатыр. Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша, биыл кедейлік шегінен төмен өмір сүретін қазақстандықтардың саны 1,5 есеге өскен. Яғни 800 мың адамға көбейіп, 2,3 миллионнан асып отыр. Сонда еліміздің әрбір сегізінші азаматы кедейлік шегінде өмір сүреді екен. Бұл мұнай өндіруші мемлекет үшін қорқынышты және қолайсыз сандар. Сондықтан несиесін төлей алмай жүргендердің рақымшылық жасау туралы талаптары орынды және түсінікті, - деді Азат Перуашев.
Бірақ, оның айтуынша, бұл талаптар азаматтардың кедейліктен шығуының шынайы себептерін шеше алмайды. Өйткені 2019 жылы жағдайы төмен азаматтардың 106 миллиард теңгеге жуық несиесі кешірілген болатын.
Нақты екі себеп бар. Біріншіден, банктер несие пайыздарын негізсіз көтеріп отырады. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі де базалық ставканы төмендетпей, жоғары проценттерді қолдап отырған сияқты. Екіншіден, Қаржы министрлігі жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қабылдамай отыр. Ал ондай заң болса, несиені төлей алмағандар соңғы баспанасын сақтай алатын еді, - деп атап өтті мәжілісмен.
Ол 2013 жылдан бастап «Ақ жол» фракциясының депутаттары Үкіметтің алдына дамыған елдердің үлгісімен жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдау қажеттілігі туралы мәселе көтергенін еске түсірді. Бірақ жыл сайын тиісті органдар бұл ұсыныстан бас тартады екен. 2015 жылы тиімсіз корреспонденциядан кейін фракция жеке тұлғалардың банкроттық туралы заң жобасын әзірледі, алайда, Үкімет оны Қаржы министрлігі Парламентке ешқашан енбеген басқа заң дайындап жатыр деген сылтаумен қабылдамады.
Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясының өз ұсынысы бар.
Біріншісі - шұғыл түрде барлық ипотекалық, тұтынушылық несиелер мен ШОБ үшін несиелердің шекті пайыздық мөлшерлемелерін ақылға қонымды 7-8% деңгейіне дейін төмендету бойынша шаралар қабылдау.
Екіншісі - жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізу.
Әйтпесе, депутаттың пікірінше, несиелік рақымшылық жасау талаптары тұрақты сипатқа ие болады. Қаржы жүйесі қиындыққа тап болады. Кредитті төлеп жүрген адамдар да қарызын қайтармауға көшеді.