Қонақ үй, ресторан, базар – Арыстанбек Мұхамедиұлы отбасының байлығын тізіп берді

0
992

Экс-министр бизнес нысандарының көп бөлігін 2020 жылдан бастап алғанын айтады.


Қонақ үй, ресторан, базар – Арыстанбек Мұхамедиұлы отбасының байлығын тізіп берді

фото: ғаламтордан

ERNUR.KZ. Бұрынғы Мәдениет және спорт министрі, ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы соңғы кездері меншігіндегі дүниелерге қатысты айтылып жүрген әңгімелерге жауап берді. Qasqa Jol Youtube-каналына берген сұхбатында ол отбасы мүшелерінің атына тіркелген нысандарды тізіп шыққан, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Оның сөзінше, Елордадағы «Дипломат» қонақ үйі мен «Шапағат» базарында, тағы басқа орталықтарда Мұхамедиұлы отбасының үлесі бар.

«Жұбайымның атында The Family деген кафе бар. Мен туралы видеода айтылғандай 2000 емес, 900 шаршы метр. Өткен жылы «Қазақ энциклопедиясын» (баспа үйі) сатып алдық. Ол нақты жұбайымның атында. Екі ұлымның атында «Alem Education System» білім орталығы бар. Қазір колледжді де алдық. Халықаралық колледждің негізгі бағыты – туризм, мейрамхана ісі, аудару ісі, аспаздық. Туризм саласын өзім бірнеше жыл басқарған соң ойласам, бізде «сервис» жоқ. Сондықтан колледж бен қонақ үйді біріктіріп жатырмыз. Білім саласымен айналысатын компанияға «AiDimZhan-CO» деген ат қойдық. Ол менің үш баламның аты – Айжан, Димаш, Жандос», - дейді ол.

Экс-министр «Дипломат» қонақ үйі туралы да айтып өтті.

«Дипломаттың» 71%-ы менің енемнің атында. Оны біз 2020 жылы сатып алдық. Ал, «Bali Spa» орталығы «Дипломаттың» бір бөлігі. Декларация бар. Мен жастайымнан еңбекқормын. Астанаға көшіп келгенде 2000 жылы әйелім екеуміз «Якутские бриллианты» деген дүкен ашқанбыз. Себебі оның үлкен ағасы Якутияда тұратын. Intercontinental қонақ үйінің ішінен орын жалға алып, іс бастадық. Әрі қарай тағы түрлі ұсыныстар болды. Сосын газ компаниясымен айналыстық (Тауекел-Т ЖШС). Қазір басқа дүниелер алу үшін ол компаниядан шықтық. Егер осының бәрін жасыратын болсам дүниемді оффшорға тығар едім ғой», - дейді Мұхамедиұлы.

Оның айтуынша, отбасын қаржы полициясы бірнеше рет тексеріп, ешқандай заңсыздық таппаған. Экс-министр «Шапағат» базары жайындағы әңгіменің рас екенін де растады.

«Елордадағы «Шапағат» базарын тұңғыш қызым Айжан Мұхамедиге ұсыныс болған соң, жақын араласып жүрген азаматтармен бірге алдық. 45%-ы Айжанға тиесілі. Бизнес түрінде емес, достық қарым-қатынас болсын деген ырыммен алынған дүние ғой. Барлығы былтыр алынған. Министр болып жүргенде алсақ «бұл қалай» деуге болар еді. Айжан қызымды биыл тұрмысқа беріп жатырмыз, қуаныш болып жатыр. «Шапағат» та сыйлықтың бірі», - деп түсіндірді Ұлттық музей директоры.

Сонымен бірге ол 540 шаршы метрлік жер үйде тұратынын айтады.

Арыстанбек Мұхамедиұлының сөзінше, жақында ол туралы тараған видеода көрсетілген Көктөбедегі сарай мен ипподром оның отбасына тиесілі емес.