Оның сыңары жансақтау бөлімінде жатыр.
ERNUR.KZ. Ақмола облысының Қосшы қаласында жеті жасар балалар ойнап пешке кіргенде, пештің аузы жабылып қалған. Бір бала сол жерде көз жұмды, егіздің сыңары жансақтау бөлімінде, деп жазады
Қайғылы жағдай туралы полицияға жедел медициналық көмек қызметінің фельдшері хабарлады.
"14 мамырда түс уақытында жеті жасар ұл мен қыз гаражда ойнап жүрген. Балалар пештің ішіне кіргенде, ол сыртынан жабылып қалған. Балалар пештен өз бетінше шыға алмаған", - деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері гараждың қақпасы жоқ екенін, оған емін-еркін кіріп-шығуға болатынын анықтады. Қыздың мәйітін гараж еденінен тапқан.
"Баланың мәйіті өлім себебін анықтау мақсатында елордадағы сот сараптамасы орталығына жолданды. Ұл Нұр-Сұлтандағы қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Ол ауыр деңгейдегі гипоксия диагнозымен жансақтау бөліміне жатқызылды", - деп нақтылады баспасөз қызметінде.
Толық отбасы, тұрмысы нашар емес екені айтылып отыр. Бала тұншығып қалған пеш қоғамдық тамақтану кәсіпорындарында ас жылытуға, нан өнімдері мен кондитерлік өнімдерді дайындауға арналған.