Зардап шеккен бір баланың жасы 10-да. Жағдайы ауыр.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қалалық №2 балалар ауруханасы Қостанай облысында өрттен зардап шеккен балалардың жай-күйін баян етті, деп жазады ҚазАқпарат.
Еске сала кетсек, Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы бүгін Жангелдин ауданында тұрғын үй ішінде газ баллоны жарылып, 4 адам көз жұмғанын хабарлаған болатын. Тағы бес адам әртүрлі жарақат алған. Оқиға 15 желтоқсан күні Торғай ауылында болған. Соңғы мәлімет бойынша Байқадам көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде газ баллоны жарылған.
17 желтоқсан күні өрттен зардап шеккендер санитарлық авиакөлік арқылы Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілген. Соның ішінде екі бала елордалық №2 балалар ауруханасына жатқызылған.
«16 желтоқсанда балалар Жангелдин орталық аудандық аруханасына шұғыл жеткізілген. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Жара өңделіп, ауырсынуды басқан, инфузиялық, шокқа қарсы терпия жасалған. Содан кейін Арқалық өңірлік ауруханасының жансақтау бөлімшесіне жатқызылған», - деп хабарлайды №2 балалар ауруханасынан.
Осыдан кейін жағдайдың ауырлығына байланысты балалар Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының келісімі бойынша санавиация желісімен Нұр-Сұлтан қаласының №2 көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген.
«Зардап шеккен бір баланың жасы 10-да. 17 желтоқсан таңғы сағат 05.00 шамасында санавиациямен жеткізілді. Жағдайы ауыр. Жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Динамикалық бақылауда. Толық көлемде барлық қажетті медициналық көмекті алып жатыр. Екінші баланың жасы 8-де. 18 желтоқсан таңғы сағат 04.00 шамасында санавиация желісімен жеткізілді. Ауырсынудың орташа дәрежесі. Жансақтау бөлімшесінде динамикалық бақылауға алынған. Жағдайы тұрақталғаннан кейін бейінді күйік бөлімшесіне ауыстырылды. Онда толық көлемде стационарлық көмек алуда», - деп хабарлады ауруханадан.