"Оқу бітірген соң өз салаң бойынша қарапайым жұмысшы ретінде бастау – біліктілігіңді арттырудың басты міндеті"
«Кез келген құрылысшы техникалық тұрғыда сауатты болуы тиіс». Бұл құрылыс саласында 33 жыл бойы еңбек еткен, саланың қара жұмысынан бастап басшылық қызметіне дейінгі сатысында тер төгіп қана қоймай қыр-сыры мен бүге-шігесін өзінің бес саусағында білетін үздік маманның қағидасы.
Төрткүл дүниенің бесігі саналған Түркістан өңірі қарыштап дамып келе жатқаны алыс-жақынға белгілі. Түрлі шетелдік инвесторлар қаржы құюға ниетті болып отырған өскелең де болашағы бүгіннен-ақ жарқын екенін көрсетіп отырған облыстың көркеюіне үлес қосып отырған да ұйым мен өндіріс орындары көп. Соның бірі - энергетика саласындағы қажеттіліктер мен тенденцияларды жіті қадағалайтын қарқынды дамып келе жатқан ұйым «Түркістан БГҚ» ЖШС.
Ұйымның жұмысы білікті маман, тәжірибелі сала басшылары мен осында тер төге еңбек етіп жатқан азаматтардың жұмысымен екшелетіні мәлім. Солардың бірі де бірегейі «Түркістан БГҚ» ЖШС құрылысты бақылау департаментінің құрылыс монтаждау жұмыстарының жетекші инженері Ешметов Нұрлан Ирисбайұлы.
Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялык институтында білім алып, «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығын алып шыққан оның қолтаңбасы еліміздің барлық өңіріндегі құрылыс нысандарында бар деуге болады. Алып ғимараттар мен қайта жөндеуден өткізілген өндірістік орындар, жол құрылысы, көпірлер мен тоннельдің құрылысында бел жазбай еңбек еткен. Сонау тоқырау заманы аталған 90-шы жылдарда да мамандығына адал болып, шырайлы Шымқаланың бүгінде тарихи әлеуеті бар ғимараттарын жөндеуден бастаған Нұрлан аға алған тәжірибесін өз бойында кітап бетіндей қаттай отырып Алматы қаласының құрылыс нысандары мен елордамыз Астананың да іргетасын қалаудан тыс қалмаған.
Өзін үздіксіз дамытып отыратын, өз саласындағы білікті маманның қай уақытта, қай жерде болмасын сұраныста болатыны белгілі. Осындай үздік қасиетінің арқасында Нұрлан Ирисбайұлы мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың маңызды стратегиялық объектілерін салуда өз қолтаңбасын қалдырған азамат. Бүтіндей бір блоктың құрылысын іргетасынан бастап талапқа сай толықтай аяқтап шыққаны да оның біліктілігі мен тәжірибелі құрылысшы екендігін айқындай түскен ірі жобаларының бірі ғана.
- Менің алтын ережем – маман ретінде техникалық тұрғыда сауатты болу. Кез келген қолға алған жобаны қолға алғанда мұқият зерттеуді, оқуды қажет етеді. Ал ондай сауаттылық білім мен тәжірибені ұштастыра алғанда ғана қол жеткізетін биік мақсат. Оны мен балаларыма да айтамын. Оқу бітірген соң өз салаң бойынша қарапайым жұмысшы ретінде бастау – біліктілігіңді арттырудың басты міндеті. Онсыз білікті маман болып қалыптасуың мүмкін емес, - дейді өз жетістігінің қарапайым ғана сырын бөліскен Нұрлан аға.
Құрылыс саласының қазанында қайнап піскен Нұрлан мырзаның бүгінде көңілін алаңдататын мәселе де жоқ емес. Ол болашағы жарқын елдің әрбір маманы білікті болуы керек деп санайды. Әсіресе, құрылыс саласы сауатсыздықты кешірмейтінін айта жүретін ол көңіліне кірбің түсіретін жағдайдың бар екенін де айтады.
- Бізде құрылысшы мамандығына мүлде көңіл бөлінбей кеткені мазалайды. Басым көпшілігінің теориялық білімі жоқ, бәрі дерлік өздігінен жасап жүріп үйренгендер. Кірпіш қалаушылар мен электрикке дейін елге түсінікті тілмен айтқанда «самоучкалар». Еш жерде оқымайды, тіпті болашақ маман ретінде дайындықтан өтетін де жер жоқ. Осы бір жағдай менің көңілімді қатты түсіреді. Бұл құрылыс саласындағы бей-жай қарауға болмайтын өте маңызды мәселе.
Білім – мамандықтың іргетасы болса, дайындық оның кірпіші. Ал тәжірибе деген соларды біріктіріп, бүтін бір ғимарат етіп тұрғызу. Оның іргетасы жақсы болмаса, үстіне қалаған кірпішің де қисық, аз уақытта-ақ қирап қалады. Мамандыққа да солай қарау керек, - деген ойын да бөлісті ол.
Нұрлан ағаны «Әке көрген оқ жонар» деген мәтелдің тікелей кейіпкері деуге болады. Себебі де сол, бала кезінен столяр-плотник әкесінің қасында жүріп, болашақ мамандығының іргетасын қалап үлгерген жан. Милиционер боламын деген бала Нұрлан мамандық таңдаумен бетпе-бет келгенде қателеспегенін айтады.
- Өзіме «мен қалай милиционер боламын, егер көріп өскенім құрылыс, станок пен ағаш болса?!» деген сұрақ қойдым. Әкемнің қасында жүріп ағаш кесу, өлшеу, тіпті ағаштың сапасына дейін таңдай білуді меңгергенімді мойындап, осы білгенімді біліммен шегелей түскім келді, - деп еске алады ол.
Жоғары оқу орнынан соң әскер қатарында өзінің азаматтық парызын өтей жүріп те ірі қалалардың құрылысында тәжірибеден өткен оның алғашқы еңбегі 90-шы жылдардың тоқырау заманына тап келген. Істің көзін таба білген жас маманның біліктілігі сол кезде-ақ байқалып, белгілі бір жұмыс орны болмаса да өз саласынан айнымапты.
«1993 жылы оқуымды аяқтап Шымкент қаласына оралғанымда, өндіріс орындарының барлығы тоқтап, қаламыз тоқырау кезеңіне тап болды. Жолдама берілген мекемелердің көбі жұмыс істемей, көпшілігі жабылып қалған еді. Кейбіреулері тіпті қирап қалған болатын. Жас мамандарға сұраныс жоқ, сол жылдар өте қиын болды. Сондықтан менің қолымнан келетін жалғыз іс – есік-терезе жасау мен жөндеу жұмыстарын жүргізу болды. Ол кезде жаңа құрылыс деген болған жоқ, тек ескі ғимараттарды сатып алған коммерсанттар ғана жөндеу жұмыстарын жүргізетін. Соның бір мысалы ретінде Шымкент қаласындағы «Әсем» сұлулық салонын айта аламын. Біз сол салонды сатып алған қожайынға жөндеу жұмыстарын жасап бердік.
Бұл жағдайды айтып отырғанымның себебі, сол жылдары бізден диплом немесе мамандық сұраған ешкім болмады. Қожайынмен келісіп, қолымыздан келетін іске қарап жұмыс істеп, ақша табатын уақыт еді. Шынын айтқанда, бұл күнкөрісіміз болатын», – деп еске алады Нұрлан мырза жас кезіндегі еңбек жолын.
20 жыл бойы өзінің туған үйі мен отбасынан жырақта еңбек еткен Нұрлан мырзаның өзінің туып-өскен өңіріне қайтуына себеп те жоқ емес. Әлбетте, ол ең бірінші кіндігі байланған туған жері мен отбасы болса, екіншіден өскен өңірге де еңбегін сіңіргісі келген. Түркістан өңірі қайта жаңғырып, облыс орталығы статусын алғанда қаланың көркін ашар ең ірі құрылыс нысандарын салуға бел шеше кіріскен. Бүгінде Түркістан қаласының маңызды ғимараттары – Конгресхолл, Оқушылар сарайы, стадион мен амфитеатр, Қазпоштаның цифрлық ғимаратының іргетасын қалап, шаһардың дамуына орасан үлес қосқан.
Нұрлан мырза ел басына күн туғанда да бей-жай қарайтын жан емес. 2019 жылы Арыс қаласындағы жарылыс кезінде қайта қалпына келтіру жұмыстарының белортасында жүруі де соның айғағы.
«Әр адамның арманы болады, және сол армандар өмір барысында орындалып, жаңа арманға ұласып жатады. Мен 20 жыл бойы әр түрлі өңірлерде жүрдім. Отбасымнан, бала-шағам мен ата-анамнан алыста пәтер жалдап, көбінесе түзде болдым. Әсіресе, Атырауда жүргенде арманым – әрбір құрылысшының өз отбасымен бірге тұратын жылы ұясы болды. Таңертең ыстық ұясынан шыққанда, кешке жұмыстан оралғанда балаларының алдынан жүгіріп шыққанын, аяулы жарына оралғанын көргің келетін. Содан бір үлкен нысанда жұмыс істеп, отбасыма жақын болуды тіледім. Қазіргі таңда сол арманыма жеттім деп ойлаймын. Міне, қазіргі нысанымыз елімізге маңызы жоғары және отбасыма жақын орналасқан құрылыс болып отыр. Отбасыңа жақын жерде, таңертең үйіңнен бала-шағаңның маңдайынан иіскеп шығып, кешкісін жып-жылы ұяңа қайта оралсаң – арманыңның орындалғаны осы».
Осылай деп өзінің ішкі сырын ақтарған Нұрлан мырзаның ең бір жайлы мекені де отбасы мен ағайын-туыс, әулетінің ортасы екенін айтады.
«Қазіргі қоғамда стресстен арылу және шаршауды басу мәселелері кеңінен айтылып жүр. Әрине, жұмыс бар жерде шаршау да болады. Мен үшін стресстен құтылудың басты жолы – отбасым мен бала-шағам. Жұмыстан уақыт табылғанда туыстарымыздың жиын-тойларында бас қосып, әңгімелесіп, көңіл көтеріп қаламыз. Әңгіме-дүкен құрып, біріміз ұлды үйлендіріп, біріміз қыз ұзатып, немере сүйіп, өмірдің ең тәтті сәттерін бірге өткіземіз. Мұндай сәттермен салыстырғанда басқа ешқандай шаршау басу құралын табу қиын шығар», – дейді Нұрлан мырза.
Еліміздің бүгінгі күні мен келешегіне қосқан өлшеусіз үлесі еленіп, құрылыс саласындағы еңбегі үшін 2021 жылы Қазақстан Республикасының «Құрметті құрылысшы» медалімен және биыл, 2024 жылы Қазақстан құрысшылар одағы құрылыс саласындағы үздік жетістіктер үшін “Еңбек сіңірген құрылысшы” төсбелгісімен марапатталған Нұрлан Ирисбайұлы осындай жан.
Құрылыс саласындағы мұндай үздік маманның бүгінде қай жобаны қолға алса да сәтті де сапалы іске асыратынына бек сенеміз.