"Қыруар қаржымен жоғалып кетті": Петропавлда мемлекеттік қызметкер іздестірілуде

0
853

Қазір азаматты туған-туысқандарымен қатар құзырлы орган өкілдері және еріктілер тобы іздеуде.


иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Петропавлда 29 жастағы ер азамат жоғалды. Мемлекеттік қызметте істейтін жігіт туған кешіне кетіп, қайтып оралмаған деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Жоғалған түні оның қалтасында несиесін төлеймін деген ірі көлемде ақшасы болыпты. Қазір азаматты туған-туысқандарымен қатар құзырлы орган өкілдері және еріктілер тобы іздеуде.
Сағындық Салықов әпкесімен бірге тұрған. Оның туысқандары мемлекеттік қызметте абыройлы жұмыс істеген жігіттің қақ-соқпен ісі жоқ дейді.
Туысқандарының айтуынша, туған күн кешінен шыққан Сағындық жол бойы таксиден түсіп қалып, жаяу жүрумек болыпты. Тіпті, сол уақытты әпкесімен телефон арқылы тілдескен. Оның қалтасында несиесін түгел төлеп тастауға жететін ірі көлемде ақшасы болған.

Сағындықты іздеген жақындары бірден полицияға арызданыпты.
- Үшінші тамыз күні полицияның бірінші бөлім із-түзсіз жоғалғаны туралы арыз түскен. Қазіргі уақытта осы арызбен полиция бөлімдері жұмыс атқарып жатыр. Іздестіру ісі қозғалған. Сондай-ақ, іздестіру шараларымен ТЖД қызметкерлері айналысып жатыр, - дейді СҚО ПД КПБ жедел уәкілі Данияр Ғалиақпаров.
Мына бейнебақылау камерасында оның сол түні жарығы жанған көшедегі бұрылысты кесіп өтіп, қараңғыға сүңгіп кеткені аңғарылады. Әрі қарай Есіл өзенінің жағалауы. Оның ұшты-күйлі жоғалуына қатысты түрлі деректер айтылуда.
Ал, жас жігітті ит жетектеген сарбаздар жағалаудан іздесе, құтқарушылар күндіз-түні судың астын сүзіп жүр.
- Судың асты лай. Ештеңе көрінбейді. Екінші күн қатарынан тынбастан жүрміз. Күндіз-түні іздеп жатырмыз, - деді құтқарушы Аслан Сегізтаев.
Әзірге жоғалған жігіт туған күннен келе жатып не үшін бағытын өзгерткені бәріне жұмбақ күйінде қалып отыр. Сағындықты құзырлы орғандардан бөлек 100-ден астам еріктілер іздеп жатыр.