Маңғыстауда аштық жариялаған адамдарға медициналық қызмет көрсетіліп жатыр

0
624

10 мамырдан бастап Жаңаөзеннің 189 тұрғыны жедел жәрдем қызметіне жүгінген.


Маңғыстауда аштық жариялаған адамдарға медициналық қызмет көрсетіліп жатыр

Маңғыстауда аштық жариялау басталғаннан бері 24 сағаттың ішінде наразылық білдірушілерден денсаулықтарының нашарлауына байланысты жедел жәрдемге 6 қоңырау келіп түскен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

"Біз, өз науқастарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында тәулік бойы қызмет көрсететін Маңғыстаудың кәсіби медицина қызметкерлерінің қауымдастығы, 10 мамыр күні кешке Жаңаөзен қаласындағы мұнай-газ саласына жұмысқа орналасуды талап етіп, аштық жариялаған адамдарға қызмет көрсеттік.

Аштық жариялау басталғаннан бері 24 сағаттың ішінде наразылық білдірушілерден денсаулықтарының нашарлауына байланысты жедел жәрдемге 6 қоңырау келіп түсті.

Біздің мамандар өтініш білдіргендердің жағдайын мұқия тексерді (1992-1999 жыл аралығындағы О.Б., Х.И., Ж.Е., Д.И., Д.Қ, Қ.Б. есімді жас азаматтар.)
Олардың айтуынша, әл-ауқаты нашарлаған. Бірақ тексеріс барысында денсаулықтарына қауіп төніп тұрған жағдай анықталған жоқ.

Өтініш берушілер бірден ауруханаға жатқызудан бас тартып, акцияларын жалғастыру керек екенін айтты. Сонымен қатар олар осы ақпаратты әлеуметтік желілерде жариялау үшін жедел жәрдем қызметкерлерін ұялы телефондарына түсірді.

Біз азаматтардың өз пікірін бейбіт түрде білдіру құқығын құрметтейміз, алайда жедел жәрдем қызметін негізсіз өз мақсаттарына пайдалану дұрыс емес. Себебі өзге де ауыр халде жатқан науқастарға зиянын тигізетінін ұмытпауымыз қажет.

Біздің қызметке денсаулығына қауып төніп тұрған, шұғыл медициналық көмекті қажет ететін азаматтар жүгінеді. Біз үшін адам өмірі өте маңызды.

Жаңаөзенде айына орта есеппен 3000-ға жуық адам медициналық көмекке жүгінеді. Күніне 90-100 адамнан қоңырау келіп түседі. Әдетте, жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер, егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар аналары және ауыр дертпен ауыратын адамдар жедел жәрдем қызметіне жүгінеді.

Айта кетсек, 10 мамырдан бастап Жаңаөзеннің 189 тұрғыны біздің қызметке жүгінді. Аштық жариялаған азаматтар тарапынан қан қысымын тексерту мақсатында жедел жәрдем бригадаларына алты рет шақырту түсті. Дәл сол сәтте сағат 21:00-23.00-ге дейінгі уақыт аралығында өзге де тұрғындардан 23 қоңырау түсті. Инфаркт -1, инсульт – 2, іштің ауыруы бар жүкті әйелдер-2, босану-2, температурасы 40 градусқа дейін көтерілген балалар – 13 және егде жастағы адамдардан үш шақырту болды.

Біз, Маңғыстаудың медицина қызметкерлері, әрбіріңіздің пікіріңізді, денсаулығыңызды құрметтейміз. Бірақ жедел жәрдем қызметін өз мақсаттарыңызға пайдаланбауды сұраймыз.

Біз сізге көмектесуден бас тартпаймыз және өміріңіз бен денсаулығыңызды сақтау үшін шақырту алған сәттен бастап барамыз.

Осыған байланысты біз жедел жәрдем бригадасының келуін минуттар санап күткен басқа да адамдардың шақыртуына үлгермеуіміз мүмкін. Ал, ол сіздің жақын адамыңыз болуы мүмкін.

Бір-бірімізді бағалап, құрметтейікші!", - деп жазылған Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасы таратқан хабарламада.