Мәжіліс үш жылдық бюджетті мақұлдады – екі фракция қолдамады

0
259

Барлығы 11 депутат қалыс қалды. Бірақ басым бөлігі үш жылдық бюджетті қолдады.


Мәжіліс үш жылдық бюджетті мақұлдады – екі фракция қолдамады

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен "Ақжол" партиясының депутаттары 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қолдамады. Алайда құжат басым дауыспен қабылданды, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Бюджетте бұрынғыдай әлеуметтік салаға ерекше басымдық беріледі. Атап айтқанда, келесі жылы әлеуметтік саланың шығысы биылға қарағанда 862 млрд теңгеге ұлғайып, 9,8 трлн теңге көлемінде болады деп жоспарланған.
Ал әлеуметтік төлемдерге арналған шығыс – индекстеу мен төлемдерді алушылар санының ұлғаюын ескере отырып, 6 трлн теңге сомасында қарастырылған.
Негізгі бағыттар:
1.білім беруді дамытуға – 1 трлн теңге (2025 ж);
2.денсаулық сақтау саласы – 7,6 трлн. теңге (2025-2027 жылдар);
3.туризм мен спортты дамытуға – 141 млрд теңге;
4.мәдениет пен ақпаратты дамытуға – 165 млрд теңге;
5.өңірлерді қолдауға – 7,5 трлн теңге;
6.экономиканың нақты секторын дамытуды қолдауға – 2,1 трлн теңге;
7.агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға – 635 млрд теңге;
8.көлік саласын дамытуға – 568 млрд теңге;
9.су ресурстарын тиімді басқаруға –137 млрд теңге;
10.күш құрылымдарына - 2,7 трлн теңге.
Төменгі палата депутаттары бюджеттің шығыс бөлігін ұлғайтуға да, қысқартуға да ұсыныс енгізді. Атап айтқанда, 2025-2027 жылдары шығыс көлемін 4 трлн теңгеден астам сомаға арттыруды, соның ішінде 2025 жылға 2 трлн теңгеге ұлғайтуды ұсынды.
Әсіресе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және коммуникациялар, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт және тағы да басқа негізгі бағыттар бойынша шығыстарды арттыру қажет.
"Бюджет жобасын бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесіп қарау кезінде қаражатты барынша тиімді пайдалану, бюджетке негізгі басымдықтарды ғана енгізу мәселелері талқыланды",-деді депутат Еркін Әбіл.
Депутаттар заң жобасы бойынша 2025 жылға енгізген түзетулер:
өңірлерді дамытуға, оның ішінде халықты ауыз сумен қамтуға – 15 млрд теңге;
"Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында – 15 млрд теңге.
Мәжіліс депутаттары 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын қабылдады. Жалпыұлттық социал—демократиялық партиясының фракциясы қалыс қалды. "Ақжолдың" депутаттары да бюджет жобасын қолдамады. Барлығы 11 депутат қалыс қалды. Бірақ басым бөлігі үш жылдық бюджетті қолдады.