"Мектептің жақсаруына көмектес" ұранымен өтіп жатқан акция 25 мамырға дейін жалғасады.
ERNUR.KZ. Мектеп асханалары мен дәретханаларын тексеру бойынша "Балаға лайық" акциясының бірінші аптасында қазақстандықтар 65 білім ошағының талапқа сай еместігін хабарлады, деп жазады sputnik.kz.
Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратынша, акция "Мектептің жақсаруына көмектес!" ұранымен өтіп жатыр. Бірінші кезең биыл 27 сәуірде басталды, ол 25 мамырға дейін жалғасады.
"Бірінші аптада WhatsApp және Telegram арналарымызға 65 мектеп бойынша 400-ден астам хабарлама, фото және бейнематериалдар түсті. Өтініштердің басым бөлігі Түркістан, Алматы және Қарағанды облыстарының тұрғындарынан келді. Акция бір апта бұрын басталса да, оқушылар мен ата-аналар мектептердегі сәйкессіздіктер туралы ақпаратты белсенді түрде жіберіп жатыр. Колледждер мен университеттердің студенттері де хабарлама жолдаған. Біз барлық өтінішті есепке аламыз", - деді БҒМ балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.
Тұрғындар гигиеналық құралдардың, жуынатын бөлмелерде бөліп тұратын қалқалардың болмауы, жылы дәретханалардың жоқтығы, салқын немесе дәмсіз тағамдар және тағы басқа туралы хабарлап жатыр.
Сондай-ақ азаматтар барлық талапқа сай келетін мектептерді де атап өткен.Білім министрлігі бұл акцияның мақсаты – мектеп әкімшілігін жазалау емес, жағдайды бірлесіп жақсарту екенін атап өтті.
"Мектепті қаржыландыру әкімдік құзырында болғандықтан, түсіп жатқан ақпараттарды соларға жібереміз. Бүгінгі күні барлық ескертуді жою бойынша аймақтармен қажетті жұмыс жүргізіліп жатыр", - деді білім министрлігіндегілер.
Еске салсақ, акцияға мектеп оқушылары, еріктілер, балалар өкілдігі, мұғалімдер, ата-аналар және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатыса алады.
Мектептер мен колледждерде 8 700 699 04 46 WhatsApp нөмірі мен Telegram-ботқа сілтемесі бар QR-код орналастырылады.