Алматы облысы Қарасай ауданындағы ауыл мектептерінің бірінде бастауыш сынып оқушыларына жарамдылық мерзімі 2 жыл бұрын өтіп кеткен йогурт берілгені анықталды.
ERNUR.KZ. Білім министрі Ғани Бейсембаев ел мектептерінде оқушыларға берілетін тағам сапасына тексеру жүргізілгенін мәлімдеді, деп жазады ulysmedia.kz.
Министр Қазақстанда Балаларды сапалы тамақпен қамтамасыз ету бойынша қажетті заңнамалық-құқықтық актілер қабылданғанын атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар оларды қатаң сақтауы тиіс.
"25 қыркүйектен кейін мен еліміздің барлық білім беру ұйымдары бойынша ұсынылатын тағам сапасына мониторинг жүргізуді тапсырдым. Қазір комиссия жұмысты аяқтап қалды – біз қандай ескертулер барын көріп отырмыз. Мониторинг нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарға жауапты тұлғалар жол берген болса, тиісті шаралар қолданамыз", – деді Бейсембаев Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
Еске салайық, жуырда Алматы облысы Қарасай ауданындағы ауыл мектептерінің бірінде бастауыш сынып оқушыларына жарамдылық мерзімі 2 жыл бұрын өтіп кеткен йогурт берілгені анықталды. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенсек, балаларға тегін ыстық тамақтан бөлек, 2021 жылы жарамдылық мерзімі өтіп кеткен "Растишка" йогурты берілген.
Мектеп басшылығы өнім жеткізушіні өзгерту және келісімшартты бұзу туралы шешім қабылданғанын, іс сотқа жіберілетінін хабарлады. Жеткізушінің өзі көтерме базардан өнім алған кезде жарамдылығы өтіп кеткен өнімдерді байқамай қалғанын айтып ақталды.
Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, осы дерекке қатысты ҚР ҚК 306-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.