Сондай-ақ, ол ауылды елді мекендердегі халықтың денсаулығын қадағалау шараларына тоқталды.
ERNUR.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Ажар Ғиният Қазақстандағы ересектер мен балаларға арналған профилактикалық тексерулердің тізбесі кеңейтілгенін мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қазіргі таңда үш негізгі жас тобы 18-29 жас, 30-44 жас, 45-65 жас бойынша ересек халықты профилактикалық тексеру пакеттерін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде», - деді Ажар Ғиният.
Сондай-ақ, ол ауылды елді мекендердегі халықтың денсаулығын қадағалау шараларына тоқталды.
«Бүгінде қала мен ауыл тұрғындары арасында профилактикалық тексерулердің қол жетімділігінде дисбаланс орын алғаны баршаға мәлім. Осыған байланысты ағымдағы жылы ауыл тұрғындары үшін профилактикалық тексеру пакеттерін, оның ішінде бірінші кезеңде ауылдық медициналық пункттер базасында енгізу жоспарлануда», - деді министр.
Ведомство басшысы балалар арасындағы аурулардың алдын алуға бағытталған жұмыстар туралы мәлімет берді.
«Министрлік балалардың денсаулығын қорғау жөніндегі іс-шараларды іске асыру шеңберінде алдын алуға ерекше назар аударатын болады. Өйткені ересек халықтың денсаулығының негіздері мен болашақ ауруларының алғышарттары дәл балалық шақта қаланады. Осыған байланысты жүргізіліп жатқан зерттеулердің ағымдағы көлемін ескере отырып, балаларды профилактикалық тексеру пакеттері кеңейтілетін болады», - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрі.
Аталған пакеттерді түпкілікті қалыптастыру үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу және профилактикалық тексерулерді қаржыландыру бойынша тиісті есептер жүргізіліп жатқаны айтылды.
«Бұдан басқа, мектеп медицинасын жетілдіру шеңберінде жаңа стандарт енгізілетін болады. Бұл оқушыларды кәсіптік қарау тәсілдерін жүйелеуге және асқазан-ішек жүйесі, тірек-қимыл аппараты, көру қабілетімен байланысты және т. б. ауруларды ерте анықтауды күшейтуге мүмкіндік береді», -деді Ажар Ғиният.