АӨК өнімдерінің барлық 533 экспорттық тауар тобынан 275 өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің түрі экспортталады.
ERNUR.KZ. Осыған байланысты АӨК-ні дамытудың мемлекеттік бағдарламасында өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2021 жылы 2,4 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет отырысында баяндады, деп жазады BAQ.KZ.
Министр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2022 жылға дейін қойған міндетін атап өтті.
«Елбасы 2022 жылға қарай өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,5 есе ұлғайту міндетін қойған болатын. Бұл ретте биыл экспорт көлемі 1,27 млрд АҚШ долларына дейін жететін болады. Бұлай деуге барлық негіз бар, себебі 2018 жылдың қорытындысы бойынша өңделген өнім экспорты нақты мәнде 6,4% және ақшалай мәнде 3,5% ұлғайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,125 млрд АҚШ доллары сомасына (3,0 млрд АҚШ доллары сомасындағы жалпы АӨК өнімдерінің экспорты көлеміндегі үлесі ақшалай мәнде 37,2%) 3,5 млн тонна (13,4 млн тонна жалпы АӨК өнімдерінің экспорты көлеміндегі үлесі нақты мәнде 26,3%) өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды», - деді министр.
АӨК өнімдерінің барлық 533 экспорттық тауар тобынан 275 өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің түрі экспортталады. Бұл ретте, өткен жылы бірінші рет өңделген өнімдердің 17 жаңа түрі экспортталды.
«Өңделген АӨК өнімдерінің үздік тобына, ұн мен жармадан басқа (41,4%) өңделген өнім экспортының 12,4 % алатын – тоңмай және май өнімдері, кондитерлік бұйымдар (9,2 %), балық өнімдері (4,1%), табиғи шырындар (4,2%), макарондар мен ұннан жасалған өнімдер (4,7%), сондай-ақ ет және сүт өнімдері (5,5%) кіреді. Сондай-ақ экспорттың 7%-ы көлемінде мақта талшығы және 6,9% көлемінде өңделген жемшөп (күнжара, кебек) экспортталады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша экспорттың әртараптандырылғаны байқалады. Сары май экспорты 7,6 есе, рапс майы 3,1 есе, балық өнімдері 4,5 есе, ет өнімі 2,7 есе, күнбағыс майы 20,8%, макарон өнімдері 28,4% өскен», - деді ол.
Айтуынша, өңделген өнімдер экспортының географиясы кеңеюде.
«Айталық, Қазақстан 2017 жылы 42 елге өңделген өнім экспорттаса, өткен жылы әлемнің 48 еліне экспорттады. Жаңа 6 ел: бұлар Швейцария, Жапония, Бахрейн, Малайзия, Болгария, Гана, Ливан. Сонымен қатар, өңделген АӨК өнімдерін дәстүрлі нарықтарға экспорттау көлемінің өскені байқалады, атап айтқанда Өзбекстанға экспорт - 32,4%, Ресейге - 7%, Қырғызстанға - 11%, Тәжікстанға - 9,7%, Молдоваға экспорт 40,1% артқан, сондай-ақ, жаңа нарықтар саналатын Қытайға экспорт 57,5%, Нидерландыға экспорт 130% өскен. Осы нарықтарға шығарылатын өңделген өнім экспортының болжамды өсімін ескерсек, тамақ өнімдерінің өндіріс көлемі 106,2% дейін ұлғаяды», - деді ведомство басшысы.
Өндірістің өсіміне ет өнімдері, балық өнімдері, сүт өнімдері, астықты тереңдете өңдеу, майлы дақылдарды өңдеу және қант өндірісі айтарлықтай үлесін қосатын болады.
«Ет өндіру өнеркәсібін дамыту 4 ет комбинатын жаңғырту және жылдық қуаттылығы 27 тонна болатын ет өңдейтін 3 жаңа ет комбинатын салу есебінен қамтамасыз етілетін болады, бұл 8%-ға өсімді қамтамасыз етеді. Мәселен, 2019 жылғы ақпанда Алматы облысында жылдық қуаттылығы 8 мың тонна болатын Эмпайр Фуд (Иран) ет өңдеу кешені пайдалануға берілді. Бұдан басқа, биыл жылына 5 мың тонна ет өңдейтін «Ерементау Ақбас» ЖШС ет өңдеу кешенін пайдалануға беру жоспарлануда. Қазір Тайсон Фуд (АҚШ), Данбиа (Ұлыбритания), Гранд Фарм (ҚХР), Бауманн (Германия), Иналка/Кремонини (Италия), және Седар Митс (Австралия) сияқты трансұлттық компанияларды тарту бойынша жұмыс жүргізілуде», - деді Омаров.
Министрдің баяндауынша, жиынтық қуаттылығы 23 мың тонна болатын 4 сүт өңдейтін кәсіпорынды жаңғырту есебінен сүт өңдеу көлемін арттыру қамтамасыз етілетін болады.
«Олар қышқыл сүт өнімдерін, сары май мен ірімшіктің түрлерін өндіретін «Эмиль» ЖШС (ШҚО), «Гормолзавод» ЖШС (Ақмола облысы), «Деп» ЖШС (Қостанай облысы) және «Есіл май шайқау комбинаты» ЖШС (Ақмола облысы), сондай-ақ Түркістан облысындағы «Golden Camel Group» ЖШС болып табылады, бұл кәсіпорындар ағымдағы жылы өндіріс көлемін 12%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, заманауи технологияларды қолдана отырып, крахмал, глютен, глюкоза-фруктоза шәрбаты сияқты астықты терең өңдеу өнімдерін өндіру ұлғайтылатын болады. Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында бидайды терең өңдейтін, 55 мың тонна крахмал, 5 мың тонна глютен өндіретін қуаттылығы тәулігіне 250 тонна шикізат болатын «БиоОперейшн» ЖШС-ның инновациялық зауыты іске қосылды. Ағымдағы жылдың қорытындылары бойынша 1,2 мың тонна глютен және 4 мың тонна крахмал өндіру жоспарлануда. Сондай-ақ, Қостанай облысында осыған ұқсас БиоГрейн жобасын іске асыру басталды. Майлы дақылдар өндірісін арттыруды «Тайынша Май» ЖШС және «ЭФКО Алматы» ЖШС сияқты трансұлттық компаниялардың қатысуымен болатын жобалар қамтамасыз ететін болады. 2018 жылы 131 мың тонна май өндірілсе, 2019 жылға жоспар 150 мың тоннаны құрады немесе өсім 14%», - деді ведомство басшысы.