Ресеймен шекаралас облыс орталықтарына ресейліктер көптеп келіп жатыр.
ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі 21 қыркүйектен бері алты күннің ішінде Қазақстанға кіріп-шыққан ресейліктердің санын жариялады, деп жазады sputnik.kz.
Көші-қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықовтың айтуынша, көрші елде ішінара мобилизация жарияланған сәттен бастап Қазақстанға 98 мыңға жуық ресейлік кірген. Ал шығып кеткен ресейліктердің саны 64 234 адамды құрап отыр.
"Ал ЖСН алу мәселесіне тоқталатын болсақ, 21 қыркүйектен бері 8 мыңнан астам резидент емес адам жеке сәйкестендіру нөмірін алған", - деді Аталықов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Айта кетері, қазіргі кезде Ресеймен шекаралас облыс орталықтарына ресейліктер көптеп келіп жатыр. Шекарадағы кептелістен қашқан ресейліктер Қазақстанға пойызбен келе бастады. Біреулер көп бөгелмейміз десе, енді біреулер уақытша қаламыз деп отыр. Петропавл, Орал сияқты қалаларда жалдамалы пәтер қалмады, жалға алу құны да шарықтап кетті.